Перейти к содержимому
· 7 просмотров

Елордалық ұстаз әлемдік рекордтар кітабына енді

Астаналық ұстаз жаһан жұртшылығын таңдай қақтырды. Көркем еңбек пәнінің мұғалімі шәкірттерімен бірге қой жүнінен еліміздің көлемді картасын жасап, әлемдік рекорд орнатты. Халықаралық мамандар бірегей картинаны тексерістен өткізіп, қолөнер туындысының теңдесі жоқ екенін растады.

РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:

Елордалық ұстаз табиғи жүннен жасалған туындысы арқылы әлемдік рекордтар кітабына енді. Шебер дәл осы Қазақстан картасын жасауға жарты жылға жуық уақытын сарп еткен. Ұзындығы 7 метр болатын картина келушілерді тәнті етіп, жаһандық деңгейдегі ерекше туындыға айналды.

Ою-өрнекпен көмкерілген көлемді картада еліміздің әр өңірі көркем түрде бейнеленген. Киіз басу дәстүрін жаңғыртқан педагог ауқымды туындыға қажетті табиғи жүн мен қанық бояуды Түркия мен Ресейден арнайы алдыртқан. Картина авторы жүн өңдеу өнерін заманауи үлгіде ұштастырып, ұлттық қолөнердің мүмкіндігін жаһандық деңгейге көтеру керек дейді.

ЛӘЗЗАТ ӘБДІЛДАҚЫЗЫ, КАРТИНА АВТОРЫ:

Бұл – біздің әр өңірдегі көркем еңбек мұғалімдерінің табан еңбектері. Оқушыларымыздың қызығушылығы. Осы арқылы біз өзіміздің атадан қалған қолөнерімізді әлемге осы санаулы уақытта жаңғыртып көрсетейік деп отырмыз. Суретші қылқаламмен майлы бояумен салса, қазіргі таңда Қазақстанның ұстаздары шәкірттерін өзіміздің жүнмен әртүрлі түске бояп алып, керемет туындылар жасап келді.

Сондай-ақ көрмеге еліміздің түкпір-түкпірінен оқушылар жасаған 700-ден астам картина қойылды. Ұлттық дәстүр мен тарихымыздан сыр шертетін туындылар осы уақытқа дейін мұндай ауқымды шарада басын қоспаған. Осылайша, бір күнде бас қалада екі бірдей рекорд тіркелді.

ҚУАНДЫҚ ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, ДҮНИЕЖҮЗІЛІК РЕКОРДТАР КІТАБЫНЫҢ БАС ТІРКЕУ ОФИЦЕРІ:

Ешқашан да қойдың жүнінен 7 метрлік мемлекеттің картасы жасалынбаған. Сондықтан бүгінгі рекорд әлемдегі жүннен жасалынған ең үлкен карта ретінде, екінші рекордтары 500 жүннен жасалынған картина болған. Талап бір ғана болды. 500 саны болуы керек. Екіншіден, жүннен басқа зат қолданылмауы керек.

Айтулы шараға қатысушылар әлемдік рекордтың куәсі болғандарына дән риза. Төл өнеріміздің түлегенін көріп, жүректері мақтаныш сезіміне бөленгенін жасырмады.

РАУШАН НӘБИҚЫЗЫ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНАН КЕЛГЕН ҚАТЫСУШЫ:

Білімді, шебер шәкірттер бұлар мұғалімнен де керемет жасайды. Айтады ғой, ұстаз деген өз уақытын аямаған, өзгенің бақытын аялаған. Бойымыздағы бүкіл тәжірибені соларға беріп, дәстүр мен заманауи өнерді сабақтастыра отырып, менің мақсатым – қазақ қыздарын жаһандық деңгейде көтеру.

Әлемді бағындырған туынды болашақта Ұлттық музейге тапсырылуы мүмкін. Бұдан бөлек, шебер ұстаз шәкірттерінің киізден жасалған басқа да бұйымдарын Түркияда өтетін көрмеге апаруды жоспарлап отыр.

← Все новости