Перейти к содержимому
· 54 просмотра

Жұлдыз болғым келеді

Бүгін балалар үйінің 140 тәрбиеленушісі Астанада үлкен сахнаға шықты. «Жұлдыз болғым келеді» байқауы ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға үлкен қолдау көрсетіп отыр. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген ұл-қыздар би билеп жарысты.

Жанын беріп, жұлқынып хип-хоп билеп жатқан бұл қыздар Қызылордадан келген. Арасынан 15 жастағы Марина көзге ерекше жарқырап түсті. Сөйлесіп едік, өкінішін айтты.

МАРИНА, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ, ҚЫЗЫЛОРДА:

Мен жеңіске жетемін деп ойлаймын. Бұл сахнаға мен бірінші рет шығып жатқан жоқпын. Кішкентай кезімнен сахнада жүрмін. Мен биге 7 жасымнан қатысам, менің арманым – бишіге оқу. Бірақ колледжге тапсырған кезде үлгермей қалдым, сондықтан басқа мамандықта оқимын. – Жыладым түспей қалғаныма…

Қайда түсесің, кім боласың деп үкілеп отырған ата-анасы жоқ өйткені. Бәріне өзі ұмтылады, қолы жеткенше тырысады. Бүгін де – мақсаты айқын. Сахнада қалыптасқан би ұжымдары өнер көрсетіп жатыр. Бірінен-бірі асады. Бірақ сахнаның сыртына көз тастап едік… Дайындықтарын қобалжи пысықтап жатқан мына балдырғандар сүйсінтті. Арасында Дінмұхаммед кеше ғана 11 жасқа толыпты. Туған күнімді балалар үйінде достарыммен атап өттім деді.

ДІНМҰХАММЕД АХМЕТ, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ, ТАРАЗ:

Бүгінгі Тараз қаласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушімін. Менің өнерге деген сүйіспеншілігім мені осы үлкен сахнаға алып келді. Менің басты мақсатым – өз қабілетімді көрсетіп қана қоймай, жан-жақты тұлға болу. Сахна – менің шабытым. Ол арманым жарқын.

«Жұлдыз болғым келеді» шоуы тек балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған жоба. Осылайша ата-ана қамқорлығынсыз қалған ұл-қыздарға мүмкіндік беріп, үлкен сахнаға жол ашуды көздейді.

АЛЕКСЕЙ ЛОДОЧНИКОВ, «ЖҰЛДЫЗ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне бағытталған еліміздегі жалғыз жоба. Биыл біз оны екінші рет өткізіп жатырмыз. Алғаш рет өткен жылы вокал номинациясында өткіздік. Сонда еліміз бойынша 200 бала қатысып, финалға 40 бала өткен. Биыл хореография бағытында өткізіп, Қазақстанның барлық өңірінен 800-дей адам қатысып, финалға 141 бала келді. Жобаның мақсаты – балалар үйіндегі балаларды қолдау, оларға үлкен сахнаға шығуға мүмкіндік беру.

Бас жүлде – 2 000 000, 1-орын – 1 500 000, 2-орын – 1 000 000, 3-орын – 700 000 теңге. Келесі жылы аспаптарда ойнайтын өнерпаздар мен мюзикл бағытында өтеді.

← Все новости