Алматыда жүк көліктерінің жүргізушілері айыппұл төлеп азар да безер. Тапқан теңгеміз отбасымызға жетпей, орта жолдан штрафқа шашылып жатыр дегендер жаңа талаптың шырғалаңын айтып шулады. Шаһардың кіреберісіндегі таразының кесірінен тығырыққа тірелгендер жаңа ережеге өзгеріс енгізілсе екен деп жүр. Өйткені тасығаны 8 тоннадан аспау керек деген бұйрық «КаМАЗистерді» қос бүйірден қысып тұр екен.
Алматы облысының шет-шетіне жүк көліктеріне арналған таразы орнатылғалы жүргізушілерден маза кеткен. Тапсырысты орындаймын деп бірінен соң бірі айыппұл төлеп шаршадық дейді. Онысы тағы аз ақша емес, миллионнан асып жығылады. Бәріне кінәлі – сәуір айында шыққан жаңа заң. Бұрын әр техника 40-45 тоннадан тасуға рұқсат етілсе, енді ол 8 тоннадан аспай отыр.
РИНАТ КҮСЕМБЕТОВ, ЖҮК КӨЛІГІНІҢ ЖҮРГІЗУШІСІ:
ҚазАвтожол жол салған кезде мен асфальт апардым Алматыдан Сарыөзекке. Весаға түсіп қалдым 1 млн 887 мың штраф келді. Бізге бір оське положена 8 тонна. Ол Совет үкіметінде шыққан заң 8 тонна деген. Бізде болу керек 14 тонна минимумБізде қарсылық ештеңеміз жоқ, весаны қойсын. Бірақ заңды 25 тонналық машина 25 тонна, 40 тонналық машина 40 тонна тасысын болды.
Ауыр техникасын несиеге алып нәпақасын тауып жүрген жүргізушілер көбіне құрылыс компаниялары мен жол жасайтын мердігерлерге құм, тас, тағы түрлі жөндеу жұмыстарына қажетті жабдықтарын тасиды. Жеткізу құны салмаққа байланысты емес көрінеді. Сондықтан бұл тапсырыс берушілеріне де қиын дейді. Бұрын бір ретте жеткізетін жүкті қазір үш рейспен апарады. Осыған орай болашақта баспана мен құрылыс материалдары да қымбаттауы мүмкін дейді.
МЕЙІРБЕК САҒЫНДЫҚ, ЖҮК КӨЛІГІНІҢ ЖҮРГІЗУШІСІ:
Біріншіден, құрылыс саласында жүрген үй салып жатқан объектілерге тиімсіз. Бір апарғанда қазір 30-25 тонна тасып жүрміз. Плюс машинаның салмағымен 45 тонна болады. Қазір үй салып жатқан құрылыс салып жатса сегіз тоннадан тасысақ, бұлар бізді қабылдамайды. Өйткені невыгодно. Мысалы, 30 тоннаны 3 рейспен жеткізген жақсы ма, бір рейспен жеткізген жақсы ма?
Ал бұл шектеулер аспаннан алынған жоқ. Көлік министрлігінің бұйрығымен белгіленген: алдыңғы оське — 10,5 тоннаға дейін, артқы қосарланған оське — 18 тоннаға дейін жүк тиеуге болады. Себебі жол жамылғысының бұзылуының бірден-бір себебі – ауыр жүк көліктерінің артық салмақпен жүруінен дейді.
МЕЙІРБЕК БАЗАРОВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРЛІГІ КӨЛІКТІК БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:
Бұл бұйрыққа осы жылдың сәуір айында өзгерістер енгізіліп, жеке білікке түсетін салмақтық көрсеткіштер 10 тоннадан, егер бір шиналы болған жағдайда 10,5 тоннаға көтеріліп, ал екі шиналы болған жағдайда 11,5 тоннаға көтерілген болатын. Сонымен қатар қосарланған білікке 16 тоннадан 18 тоннаға көтерілген болатын. Бұл жол берілетін салмақтық көрсеткіштер бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының жол берілетін салмақтық көрсеткіштер халықаралық талаптарға да сәйкес келеді.
Бүгінде жүк көліктері қала ішімен жүру үшін де арнайы уақыттары белгіленген. Себебі қоршаған ортаға бөлінген зиянды газдардың 70 пайызы дәл осы ауыр техникадан келеді. Сондықтан сарапшылар өзгерісті әкімдік өздігінен емес, әбден зерттеп, пісіріп барып енгізді деп отыр.
НҰРБОЛАТ НЫШАНБАЙ, ТҰРАН УНИВЕРСИТЕТІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР ЖӘНЕ ДИПЛОМАТИЯ ЖОҒАРЫ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Бұл инфрақұрылымға, жалпы жол құрылысына, басқа да мәселелерге көптеген өзекті алып келеді. Ал осыдан барып, экономикалық аспектісі бұл нарық өзі анықтайды деп ойлаймын. Себебі қазіргі таңда жүргізушілерге қосымша экономикалық шығын болса, алдағы уақытта олар өздерінің құнын көтеретін болады. Сәйкесінше, нарықта сұраныс пен ұсынысқа байланысты ортақ баға, экологиялық алымдарды ескеру арқылы өседі.
Қазір облыс бойынша жүк тасушы мыңнан аса жүргізуші бар. Талаптарымыз орындалмаса, бір күнде жұмысымызды түгел тоқтатамыз дейді. Ал олар мына өңір-өңірде жөнделіп жатқан жолдың бәріне цемент, құм, бетон тасушылар.