Қазақстан Азия Даму банкінен 3,4 миллиард юань қарыз алады. Бұл біздің ақшамен 227 миллиард теңгеден астам қаржы. Келісімге қатысты заң жобасы бүгін Құрылтайда талқыланып, мақұлданды. Қарыз 15 жылға беріледі, алғашқы үш жыл жеңілдік кезеңі. Қаражат Үкіметтің алдында тұрған негізгі міндеттерді, оның ішінде көлік инфрақұрылымы, өнеркәсіп пен білім беру салаларына бағытталады.
МӘДИ ТАКИЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
Азия Даму банкі- еліміздің стратегиялық серіктесі әрі Қазақстан экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Өткен жылдары екіжақты байланыс нығайып, экономиканың түрлі саласын қамтыды. Банктің қолдауымен бірқатар жоба жүзеге асырылып, әлеуметтік-экономикалық дамуға бағытталған техникалық көмек пен гранттар қайтарымсыз негізде беріліп жатыр. Халықаралық қаржы ұйымының Қазақстанға қаражат бөлуі – елімізге деген жоғары сенімнің белгісі.
Қазақстан Азия Даму банкіне 1994 жылы қосылды. Қазір еліміздің осы қаржы ұйымының капиталындағы үлесі 0,805 пайыз. Осы уақытқа дейін тартылған инвестиция көлемі шамамен 8,7 миллиард долларға жетті. Министрдің айтуынша, еліміздің қаржылық орнықтылығы халықаралық рейтинг агенттіктері берген жоғары кредиттік рейтингтермен де расталып отыр. Қарызды өтеу және оған қызмет көрсету республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады. Келісім бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылына 1,69 пайыз.