Еліміздің әр азаматы өзінің мүмкіндігіне қарай мемлекеттің дамуына әділ әрі ашық үлесін қосуы керек. Аса ауқатты адамдарға салынатын салықтың артуы да осы «Әділетті Қазақстан» қағидасына сай қадам. Президент жолдауында айтылған мәселеге қатысты сарапшылардың пікірін жинадық, әлемдік тәжірибені сараладық. Бай-бағландардың әлеуметтік жауапкершілігі қарапайым бұқараға қарағанда жоғарырақ болуы бұрыннан бар нәрсе ме, тың нәрсе ме?
ЖАНАР АРҒЫН, ТІЛШІ:
Елімізде дәулетті адамдарға салынатын салық мөлшері артуы мүмкін. Мемлекет басшысы жуырда халыққа Жолдауында ауқатты азаматтар үшін «жоғарылатылған салық ставкасын» енгізуді талқылайтын уақыт келді деген болатын. Яғни әр адам ел дамуына шамасына сай әрі әділ үлес қосуы тиіс. Президент заңды жолмен тапқан дүние-мүлікке шектеу қойылмайтынын да атап өтті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Салық салудағы әділдік мәселесіне жеке тоқталғым келеді. Ірі байлық иелері үшін жоғары мөлшерлеме енгізу мәселесін талқылайтын уақыт келді деп санаймын. Ешкімнің заңды жолмен тапқан активтеріне қандай да бір шектеу қою көзделіп отырмағанын баса айтамын. Бұл Конституцияның өзіне қайшы болар еді. Сөз әр азаматтың еліміздің дамуына шамасына сай әрі адал үлес қосуы туралы болып отыр. Бұл – әділдік мәселесі.
Осы ретте экономистер кіріс-шығысты есептеуде ашықтық керек дегенді алға тартады. Себебі жылдар бойы табысын жасырып, қаржылық міндеттемеден жалтарып жүргендер бар. Сондықтан да көлеңкелі экономикаға жол бермей, қаржы айналымын заңдастыру маңызды.
ҚАЙРАТ БОДАУХАНҰЛЫ, ЭКОНОМИСТ:
Салық жүйесі мемлекеттік бюджет орындалуының негізі, қай мемлекет болса да маңызды бағыты. Осы салық жүйесіндегі қойылатын нормативтер қаншалықты нәтижелі болады? Қаншалықты шындыққа жақын деген мәселелерге байланысты көлеңкелі экономикадан ашықтыққа көшу мәселесі. Бюджет бекіту барысында қалай бөліну керек, бюджет құрылымдарын есептеу, қай салада мәселелер туындап тұр деген өте маңызды. Өйткені бізде көп жылдардан бері айтып келе жатқан мәселе бар.
Ал саясаттанушылардың пайымынша, ең алдымен қоғамдағы тепе-теңдікті сақтау керек. Яғни мемлекет кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасап, табыс табуына мүмкіндік беруі тиіс. Сәйкесінше, ауқатты азаматтар ел алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін сезініп, ортақ игілікке үлес қосса, бұл қоғамның дамуына серпін береді. Демек, салық саясаты мен әлеуметтік жауапкершілік қатар жүрсе, тұрақтылықтың да негізі нығая түседі.
ЕЛДОС ЖҰМАҒҰЛОВ, САЯСАТТАНУШЫ:
Табысы жақсы, ауқатты адамдардың әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан қоғаммен өзінің адал еңбегінің бір бөлігін бөлісуі, ол, әрине, ол жақсы адамгершілік тұрғысынан. Қазақ тарихына қарайтын болсақ, ауқатты адамдар әлеуметтік жауапкершілік, әділеттілік төңірегінде үнемі маңайындағы адамдарға көмек көрсеткен. Одан түскен табыс әлеуметтік инфрақұрылым дейміз ғой, қазір де айтып жатқан. Мектеп салуға, жол салуға жұмсалатын болса, эффектісін көретін боламыз.
Мұндай салықтық тәжірибе шетелде бұрыннан бар. Бұл өз кезегінде қазынаға түсетін қаржының еселенуіне жол ашады, дейді қоғам белсенділері.
МАРҒҰЛАН ЕРМҰХАМБЕТҰЛЫ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:
Бұл енгізіліп жатқан жаңашылдықтар – бұл әлемдік тәжірибеде бар. Мәселен, көбінесе Еуропа елдерінде прогрессивті салық, дәулетті адамдар дейді ғой, солардың дәулеті ұлғайған сайын, ол әділеттілік қағидасына сәйкес, қоғамға деген үлесі болуы керек. Салық деген – бұл әлеуметтік мәселе. Яғни адамдардың түскен салығы ешқайда кетпейді. Бұл бюджетке түседі. Табыс көп тапты, сәйкесінше салық та көп төлейді ғой.
ЖАНАР АРҒЫН, ТІЛШІ:
Бұл бастамалар – «Әділетті Қазақстан» қағидасын жүзеге асырудың бір көрінісі. Өйткені кез келген өзгеріс халықтың талап-тілегі мен қоғам сұранысына негізделген. Ал оның жүзеге асуы үшін алдағы уақытта Үкімет пен Құрылтай осы ұсынысты толық зерделеп, нақты ұсыныстарын әзірлеуі керек.