Алдағы уақытта Алатау қаласы адам танымастай болып өзгерсе, таңқалмаңыз. Шаһарға шетелдік инвестиция тарту жұмысы қарқын алды. Бұл жолы еліміз Германиямен келіссөз жүргізіп, бірқатар уағдаластыққа қол жеткізді. Берлинде Alatau City жобасы бойынша бас-аяғы 11 келісім жасалды. Құжаттар машина жасау, құрылыс, медицина және қалалық инфрақұрылым салаларын қамтиды. Кездесуге Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қатысты. Тараптар неміс компанияларымен бірлескен өндіріс орындарын ашу, энергетика және су жүйелерін дамыту мәселелерін талқылапты. Бұдан бөлек, қалада көпбейінді медициналық орталық салу және ұшқышсыз ұшу аппараттарын енгізу жоспарлары қаралды. Қазақстандық делегацияның еуропалық серіктестермен кездесулері әрі қарай Франкфурт қаласында жалғасып, жобаны қаржыландыру мәселесі сөз болды.