Перейти к содержимому
· 21 просмотр

Қазақстан мен Тәжікстан сауда байланысын күшейтеді

Саммитке қатысқан мәртебелі меймандардың бірі ел астанасында аялдап қалды. Ақорда төрінде Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Резиденция үстінен Қазақстан мен Тәжікстанның мемлекеттік туларын желбіреткен тікұшақтар ұшып, құрмет қарауылының сап түзеген сарбаздары мәртебелі мейманды қарсы алды. Екі елдің әнұрандары шырқалған соң, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон келіссөз үстеліне отырып, стратегиялық әріптестікті бекемдеу мен өзара тиімді жобаларға тың серпін беру жолдарын талқылады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгін біз бауырлас мемлекеттеріміздің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы жөнінде толық негізде айта аламыз. Екіжақты ынтымақтастықта қандай да бір мәселе жоқ. Көпжақты байланыстарымызды одан әрі ілгерілету мақсатында қарастырып, шешімін табуды қажет ететін жайттар бар. Жаңа мүмкіндіктерге жол ашу, өзара тиімді жобаларды іске асыру және қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау тұрғысынан тек алға қарай қадам басып келеміз.

Мәдениет пен білім саласындағы ықпалдастық та нығайып келеді. Душанбе қаласында Абайдың бюсті, Астанада Ибн Синаның ескерткіші бой көтерді. Ал бүгін елордада Тәжікстан елшілігінің жаңа кешені ашылды. Бұл – бауырлас елдер арасындағы берік байланыстың тағы бір айғағы. Саяси сенімнің өзегі берік болған сайын, сауда-экономикалық әріптестіктің де өрісі кеңейіп келеді. Мұны екі ел арасындағы тауар айналымының тұрақты өсімі айқын аңғартады.

ЭМОМАЛИ РАХМОН, ТӘЖІКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Биыл тоғыз айдың қорытындысы бойынша елдеріміз арасындағы тауар айналымының көлемі 1 миллиард доллардан асты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 26 пайызға жоғары. Инвестициялық ықпалдастық дәйекті түрде дамып келеді. Бүгінде Тәжікстанда Қазақстан капиталының қатысуымен 130-дан аса кәсіпорын тіркелген. Ал Қазақстанда тәжік тарапының 580-нен астам кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың 500-і толығымен тәжік капиталының қатысуы арқылы еңбек етеді. Бұл – өте жақсы көрсеткіш.

Мемлекет басшысы Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонға Қожа Ахмет Ясауи орденін табыстады. Бұл марапат – бауырлас ел басшысының қазақ-тәжік достығын нығайтуға және өңірдегі ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесіне көрсетілген құрмет. Келіссөзде сауда мен инвестициядан бастап, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, су ресурстары және цифрландыруға дейінгі салалардағы ықпалдастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Президенттер қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске асыруға ниетті екенін жеткізді.

← Все новости