Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 38 просмотров

Әлем жаңалықтары

Дональд Трамптың жанында жүргендер бір-бірімен ерегісіп, көз атысып, салмақ өлшесіп, төбелесіп жүрмесе игі. Өйткені АҚШ президенті сенімді серік іздеймін деп, тағы елдің басын қатырып қойды. Ақ үйге атақты Дана Уайт барып қалуы мүмкін. Аралас жекпе-жек ұйымдастыратын танымал промоушен иесін Бас ордаға баспасөз хатшысы лауазымына ұсыныпты. Ол аз десеңіз, көмекшілері ретінде UFC-дің аңызы Хабиб Нұрмагомедов пен Ислам Махачевті жанына қосып қойғысы келеді екен. Америка көсемі биліктегі талас-тартысты октагонда шешпекші ме, әлде спортпен айналыса бастады ма?

ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТУІ МҮМКІН

Газаны аяусыз атқылап, Иранға соғыс ашқан Биньямин Нетаньяху тақтан айырылуы мүмкін. Себебі Израиль президенті Ицхак Герцог премьер-министр қызметіне кандидаттың есімін бекітті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы оппозиция өкілі Гади Айзенкотқа Үкіметтің жаңа құрамын жасақтауды жүктеді. Ал еврей лидері бұл әрекетке тегіннен-тегін барған жоқ. Өйткені Парламент сайлауында елдегі бірде-бір саяси ұйым электораттың қажетті дауысын жинай алмапты. Бұдан бөлек, жаңа саясаткердің кандидатурасын Израильдегі араб саясаткерлері қолдаған. Ал Үкімет тізгінін ұстауы мүмкін Гади Айзенкоттың партиясына Парламенттен 21 мандат бұйырған. Енді Израиль әскерінің бұрынғы штаб басшысына 28 күн уақыт беріледі. Ол осы аралықта өзге де саяси ұйымдармен бір мәмілеге келіп, министрлер кабинетін жасақтауы тиіс.

ҚАРУЛЫ АДАМ ОЙРАН САЛДЫ

Кәрі құрлықтың бейбіт аймақтарының бірі саналатын Шығыс Еуропадан маза кетті. Польшада теракт болды. Елдің оңтүстігіндегі Краков қаласында қарулы адам ойран салды. Қаскөй шаһардың басты алаңында бейбіт тұрғындарға оқ жаудырған. Қайғылы оқиғадан 6 адам опат болды. Тағы 16 тұрғын түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген. Зардап шеккендердің арасында Австрия, Германия, Португалия, Ресей мен Ұлыбритания елдерінің азаматтары бар. Ал жылдам әрекет еткен полиция алаңды қоршап, арнайы операцияны бастап кетті. Тәртіп сақшылары көп ұзамай күдіктіні қолға түсірді. Қанды ұрыста жараланған күдікті ауруханаға жеткізіліпті. Польша ішкі істер министрлігінің дерегінше, қылмысқа барған азаматтың жасы 25-те, ол елдегі ультрасолшыл көзқарастың жақтасы болуы мүмкін. Сондай-ақ құзырлы орган күдіктінің үйін тінтіп, тағы 3 адамның мәйітін тауыпты.

ПОЙЫЗ АПАТЫ

Мысырда да қайғылы оқиға. Гиза провинциясында екі жолаушы пойызы соқтығысып, салдарынан төрт адам қаза тапты. Апаттан кемінде жүзге тарта жолаушы жарақат алды. Аварияға теміржолдың дабыл жүйесіндегі ақау немесе машинистің қозғалыс ережелерін бұзуы себеп болуы мүмкін. Төтенше жағдай демалыс күндері Эль-Аят ауданында тіркелді. Мысыр Көлік министрлігінің дерегінше, Гизадан шыққан отарба екінші құрамның артқы бөлігіне соғылған. Соққының салдарынан төрт вагон рельстен шығып, аударылып кеткен. Оқиғадан соң, елдің оңтүстігімен теміржол байланысы үзілді. Ал апаттың мән-жайын анықтау үшін арнайы техникалық комиссия құрылды. Мамандар апат болған аумақты тексеріп, қорытынды шығарады. Фараондар елінің президенті зардап шеккендерге тиісті медициналық көмек көрсетуге және тергеу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Айта кету керек, Египетте пойыз апаты таңсық емес. Былтырдың өзінде аймақта 170 теміржол авариясы тіркеліпті.

СТУДЕНТТЕР ЕРЕУІЛГЕ ШЫҚТЫ

Германия университеттері шаш етектен шығынға батуы мүмкін. Себебі елдің әр аймағында мыңдаған студент ауқымды наразылық акциясын өткізуге дайындалып жатыр. Жаппай ереуіл 20 қарашаға жоспарланған. Белсенділердің осы аралықта 33 қаладағы 35 жоғары оқу орнын қамтимыз деген үміті бар. Сондай-ақ талапкерлер келесі жұмада сабақтарды тоқтату туралы шешімді дауысқа салады. Егер ұсынысты қолдаушылар көп болса, студенттер лекцияға қатыспайды. Ал жастар биліктен білім және ғылым саласына қаржының жеткілікті бөлінуін, әскери зерттеулердің университет қабырғасында жүргізілмеуін және пәтер жалдау ақысын төмендетуді талап етеді. Бұдан бөлек, студенттер ереуілде Германия канцлері отставкаға кетсін деген плакаттар алып шықпақ. Айта кету керек, өткен аптада елдің бірнеше аймағында «Зет ұрпақтары» атты қозғалыс наразылық шарасын өткізді. Германияның бірнеше қаласындағы шеруге мыңдаған тұрғын қатысты.

 

← Все новости