Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 8 просмотров

Түркияда тағы төтенше оқиға

Түркия тағы қара жамылды. Бауырлас елдің Измир провинциясындағы зауытта жарылыс болды. Салдарынан 17 адам қаза тауып, 13 жұмысшы жарақат алды. Олардың екеуінің жағдайы ауыр. Бұл туралы Түркияның денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Қайғылы оқиға кеше түстен кейін Измирдің Алиага ауданында тіркелді. Апат жоспарлы жөндеу жұмыстары кезінде басталған. Ғимаратқа орнатылған көп сатылы кран электр доғалы пештің ішіне түсіп кеткен. Құрылғының бөлшектері газ құбырларын бітеп, жойқын жарылысқа себеп болыпты. Оқиға орнына құтқарушылар, медицина қызметкерлері мен полиция көп ұзамай жетіп, зардап шеккендерге көмек қолын созды. Қайғылы оқиға сәтінде нысан аумағында 200-ден астам жұмысшы болыпты. Қазір мамандар алапат өртті сөндіріп, үйінді астын ақтарып жүр. Ал төтенше оқиға бойынша Түркияда арнайы комиссия құрылды. Жарылысқа қатысы бар деген күдікпен 6 лауазымды тұлға қамауға алынды.

РЕЖЕП ТАЙЫП ЕРДОҒАН, ТҮРКИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгін Измирден ауыр хабар алдық. Бұл жаңалық қабырғамызды қайыстырып кетті. Халқымызды қатты қайғыға батырған төтенше оқиғаның себептері мен мән-жайы жан-жақты зерделеніп, анықталады. Сондай-ақ ықтимал салғырттық деректері мен оған қатысы бар лауазымды тұлғаларды да табамыз. Кінәлілер жазадан құтылмайды.

Айта кету керек, қираған «Хабаш» металлургия зауыты Анадолының Алиага деп аталатын ірі өндіріс аймағында орналасқан. Мұнда осы нысаннан бөлек химия өнеркәсібі, мұнай өңдеу зауыттары, ірі кемелерді жөндеу орындары жайғасқан.

← Все новости