Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 2 просмотра

Әлем жаңалықтары

Қытай әскери күштері жақын арада АҚШ армиясын басып озатын сияқты. Себебі шығыстағы көршіміз қашықтан ұрыс жүргізуге арналған көрінбейтін ұшқышсыз құрылғыны таныстырды. Қолданысқа енгізілгеніне біршама уақыт болса да, Бейжің қолбасшылары заманауи техниканы көпшілік назарына алғаш рет ұсынды. «Джи — Джей 11» деп айдарланған стелс-дрон Қытай инженерлерінің талай жылғы еңбегінің нәтижесі. Ол көкке көтерілген сәтте, жердегі бақылау құрылғыларының назарына мүлде түспейді екен.

ТҮРКИЯДА ТАҒЫ ТӨТЕНШЕ ОҚИҒА

Түркия тағы қара жамылды. Бауырлас елдің Измир провинциясындағы зауытта жарылыс болды. Салдарынан 17 адам қаза тауып, 13 жұмысшы жарақат алды. Олардың екеуінің жағдайы ауыр. Бұл туралы Түркияның денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Қайғылы оқиға кеше түстен кейін Измирдің Алиага ауданында тіркелді. Апат жоспарлы жөндеу жұмыстары кезінде басталған. Ғимаратқа орнатылған көп сатылы кран электр доғалы пештің ішіне түсіп кеткен. Құрылғының бөлшектері газ құбырларын бітеп, жойқын жарылысқа себеп болыпты. Оқиға орнына құтқарушылар, медицина қызметкерлері мен полиция көп ұзамай жетіп, зардап шеккендерге көмек қолын созды. Қайғылы оқиға сәтінде нысан аумағында 200-ден астам жұмысшы болыпты. Қазір мамандар алапат өртті сөндіріп, үйінді астын ақтарып жүр. Ал төтенше оқиға бойынша Түркияда арнайы комиссия құрылды. Жарылысқа қатысы бар деген күдікпен 6 лауазымды тұлға қамауға алынды.

ТҰРҒЫН ҮЙ ӨРТЕНДІ

Көрші Қытайда да қайғылы оқиға. Елдің орталық бөлігіндегі Тайюань қаласында 40 қабатты ғимарат өртенді. Тілсіз жау 14 адамның өмірін жалмады. Бейжің басылымдарының дерегінше, өрт шаһардағы элиталық кешендердің бірінде тұтанған. Дер кезінде сөндірілмеген от көрші ғимараттарға да жайылып үлгерді. Мамандар қызыл жалынмен 2 сағаттан астам уақыт алысып, ақыры сөндірді. Ал ғимаратта пәтерлерден бөлек, қонақ үй, балаларға арналған оқу орталықтары жайғасқан. Жедел жәрдем бригадасы 38 адамды ауруханаға жеткізді. Апаттың себептері анықталып жатыр. Билік марқұмдардың отбасына қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

ӨЛІМ ЖАЗАСЫНА КЕСІЛДІ

Эбола індетінен ес жия алмай жатқан Конго Демократиялық Республикасында жағдай тіптен қиындап кетті. Аймақта хаос басталды. Ел билігі Қарулы күштер сапындағы 66 жауынгерді өлім жазасына кесті. Бұрынғы Заир атауымен белгілі мемлекеттің әскери соты сарбаздарды бүлік ұйымдастырмақ болды, бұйрыққа бағынбады деп айыптады. Сондай-ақ әскери қызметкерлердің қорқақтығы үшін де жазғырды. Жергілікті басылымдардың дерегінше, ауыр жаза тағайындалған сарбаздардың басым бөлігі Киншасадағы әскери полкте қызмет атқарған. Бұдан бөлек, тағы бір жауынгер 10 жыл жаза арқалады. Айыпталушылардың ішінде қарапайым сарбаздан бастап офицерлер де бар. Айта кету керек, қарулы күштер сапындағы әскери қызметкерлер қазан айының соңында ұсталды. Олар Солтүстік Киву аймағының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жіберілген екен. Кейіннен жоғары қолбасшылықтың бұйрығын орындамай, қудалауға ұшыраған көрінеді.

← Все новости