Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 49 просмотров

Спортшылардың еңбегі еленді

Әлемдік жарыста жеңіп тұрып, аяқ киіміне бола алтынынан айырылып қалған спортшы қыз естеріңізде шығар? Токиодағы Азия ойындарында қарсыластарын шаң қаптырып кеткен желаяқ Ясмина Тоқсанбаеваның көз жасы көл болып қала берген еді ғой. Бүкіл ел болып ақысын айырып бере алмадық сол қыздың. Бірақ бүгін оның спортқа қосқан сүбелі үлесі еленіп, Ақордада президенттің қолынан кеудесіне басқа медаль тақты.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Паралимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері, Азия ойындарында топ жарған спортшылар және олардың бапкерлері Ақорда төрінде марапатталды. Әр жүлденің артында жылдар бойғы дайындық пен маңдай тер жатыр. Бүгін ел мерейін асырған спортшылардың еңбегіне құрмет көрсетілді.

Ерік-жігеріңді шыңдап, спортпен шұғылдану бір бөлек те, ал оның шыңына шығу тіпті қиын. Міне, сол күрделі жолдан сүрінбей өтіп келе жатқандар бүгін ерекше ілтипатқа бөленді. Жапонияда өткен ХХ жазғы Азия ойындары мен V Азия параойындарында қазақстандықтарды қуантқан спортшылардың кеудесіне Президент мемлекеттік наградаларды тақты. Қасым-Жомарт Тоқаев әр медальдің орны бөлек екеніне тоқталып, спортшылардың жеңісі өскелең ұрпаққа үлгі болатынын атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Еліміз үшін әр медальдің орны бөлек, құндылығы жоғары. Мен осы жерде отырған спортшыларға алғыс айтамын. Чемпион болу спортшыға зор жауапкершілік жүктейді. Жеңіс тұғырына шыққан әр спортшының жолы – кәсіби спортқа бет бұрған жастар үшін үлгі-өнеге. Олар сіздерге қарап бой түзейді. Жалпы, спорт дегеніміз – халықтың сана-сезіміне ықпал ететін, кез келген адамның ойын да, бойын да түзейтін өте мықты күш. Бұл – өмірдің ақиқаты.

Марапат иелерінің арасында паражеңіл атлет Айсұлу Сүлейменова да бар. Ол 100 метрге жүгіруден Азия рекордын жаңартты. 2011 жылғы жол апатынан кейін қос аяғынан айырылған спортшының қайсарлығы мен жеңіске деген жігерін Мемлекет басшысы ерекше атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Спортшыларымыз жаһандық аренада жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, мемлекетіміздің беделін көтеріп жатыр. Осы орайда, параойындарда 100 метрге жүгіруден Азия рекордын жаңартқан Айсұлу Сүлейменованың қайсарлығын ерекше атап өткен жөн. Айсұлу Сүлейменова қазақтың рухы биік, намысы зор батыр қыздарының жолын лайықты жалғастырып келеді. Ол тағдырдың қиын сынағына тап болса да, тек қана алға ұмтылып, көпке үлгі болып жүр. Қазір Құрылтай депутаты ретінде азаматтық борышын адал атқарып, ел игілігі үшін қызмет етіп келеді.

АЙСҰЛУ СҮЛЕЙМЕНОВА, ПАРАЖЕҢІЛ АТЛЕТ:

Өкінішке қарай, менің санатымдағы қарсыластарым жарысқа келмей қалды. Паражеңіл атлетикада спортшылар санаттарға бөлінеді. Екі аяғынан айырылған спортшылар бір санатта, бір аяғынан айырылғандар басқа санатта өнер көрсетеді. Қарсыластарым болмағандықтан, екі санатты біріктірді. Мен сол спортшылармен бірге жарысқа түстім. Соған қарамастан, өз санатымда Азия рекордын жаңарттым. Бұл мен үшін күтпеген әрі үлкен жетістік болды. Таблодан өз атымды және рекорд жаңартқанымды көргенде қатты қуандым.

Салтанатты рәсімде жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ол Азия ойындарында спорттық жүрістен 42 шақырымдық марафонды бірінші болып еңсерген еді. Алайда жарыстан кейін аяқкиіміне қатысты мәселе туындап, нәтижесі есепке алынбады.

ЯСМИНА ТОҚСАНБАЕВА, ЖЕҢІЛ АТЛЕТ:

Иә, бұл мен үшін ерекше қобалжу. Ақордаға да бірінші рет келіп тұрмын. Мемлекет басшысына алғыс айтқым келеді. Еңбегімді елеп, осындай құрмет көрсеткеніне шексіз ризамын әрі бақыттымын. Алда әлі талай жетістікке жетіп, жеңістерге кенелетініме сенімдімін.

Қазақстан алдағы жылдары да халықаралық спорт додаларының орталығына айналмақ. 2027 жылы елде бокс, дзюдо, таэквондо, үстел теннисі және киберспорттан әлем чемпионаттары өтеді. Бұдан бөлек, жасөспірімдер арасында шорт-тректен әлем біріншілігі ұйымдастырылып, Астанада УЕФА-ның 51-конгресі болады. Президент мұндай ауқымды жарыстар елдің халықаралық беделін арттыратынын айтып, Лос-Анджелес Олимпиадасына дайындықты қазірден бастау қажеттігін ескертті.

← Все новости