Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 13 просмотров

Футбол: Лорияға іздеу жарияланды

Онсыз да былығы көп отандық футболда тағы бір даудың шеті шығып келе жатыр.

Белгілі аяқдоп маманы Григорий Лорияға халықаралық іздеу жарияланды. «Қызылжар» футбол клубының экс-президенті 414 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілінді. Қазақстандық функционердің соңына Қаржылық мониторинг агенттігі май шам алып түсті.

Тергеу деректеріне сүйенсек, бюджеттен 2023 жылы теріскейдегі спортты дамытуға 1,7 миллиард теңге қаржы бөлінген. Ал Лория ұжымның бас есепшісімен алдын ала сөз байласып, жалған құжаттар пайдаланған. Осы схема арқылы қомақты соманы жеке шоттарға аударыпты.

Бұдан бөлек, салық есептеріне әдейі жалған деректер енгізіп, құзырлы органдарды шатастырмақ болған. Айта кету керек, 72 жастағы маман — Ұлттық құраманың бұрынғы әйгілі қақпашысы Давид Лорияның әкесі.

«Жеңіс» клубының бас директоры лауазымында отырған экс-голкипер бұл ақпарат жөнінде былай деп пікір білдірді: «Менің жоғарыда аталған клубқа, ұжымның маңайында болып жатқан оқиғаларға ешқандай қатысым жоқ. Еліміздің заңнамасы бойынша кінәсіздік презумпциясы қағидаты қолданылады. Оған сәйкес, адамның кінәсі заңда белгіленген тәртіппен дәлелденіп, сот үкімі заңды күшіне енбейінше, ол адам кінәлі деп есептелмейді. Мен әрдайым елге деген шынайы сүйіспеншілікті, қоғам алдындағы жауапкершілікті және халық игілігі үшін еңбек етуді басты ұстаным етіп келемін».

Қайыркен Отыншы

← Все новости