Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 23 просмотра

Баспана бар, жағдай жоқ

Қаланың қақ ортасында тұрып, тура тоқсаныншы жылдардағыдай жарықсыз, қара суықта жылусыз отыратын тұрғындар бар. Электр қуаты сөне қалса, ақтаулықтар тамақ пісіре алмай, отын жинауға мәжбүр болады. Онысы аздай, маңайдың бәрі ми батпақ. Нөсер жауын жауса, үйден шығудың өзі мұң. Жұрт жұмысынан, балалары сабақтан қалады. Дәл жанына бомба түскендей бұл неғылған үй?

Бұл Ақтаудағы келбеті келіскен, еңсесі биік «Лағыл» тұрғын үй кешені. 2025 жылы құрылыстың алды аяқталып, тұрғындар баспаналарының кілтін қолдарына алып, қоныстойын тойлаған еді. Десе де, іші бүтін болғанымен, айналасындағы жолдың сиқы сын көтермейді. Жаңбыр жауса болды, ойдым-шұңқырдың бәрі батпаққа айналып, тұрғындар балшық кешіп, аяқ алып жүре алмай қалады екен. Әуелде құрылыс жүріп жатыр, уақыт өте бәрі реттелер, жан-жақ ажарлана түсер деп сабыр сақтаған. Бірақ арада біраз уақыт өтсе де, баяғы жартас сол жартас. Оның үстіне жарық та жылт етіп жанып, қайта сөніп, жұртты әбден әбігерге салған. Шыдамы таусылған бұхара БАҚ өкілдерін шақырып базынасын жеткізді.

ҒАЛИЯ ІЗДІБАЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Осы кешегі үш күн жаңбырда біз балшыққа баттық та қалдық. Жұмысқа шыға алмай. Оның бәрі айтылды, видеолары бар, жолдың қандай болып жатқаны. Жиі-жиі авариялық жағдай болады. Свет бір жарты сағатқа сөнсе, шыдауға болады ғой. Сағаттап өшеді. 10 сағаттап өшеді.

АҚЕРКЕ ТЕМІРХАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Свет сөнген үйде тамақ жасай алмаймыз. Свет жиі сөнеді. Свет сөнген кезде жылу да сөнеді. Подъезде, лифтіде генератормен свет келіп тұрады. Бірақ тұрғын үйлерде болмайды. Сол себепті бізге даладан тамақтануға тура келеді. Кейде тамақ ішпей жатуға тура келеді деген сияқты.

Түсірілімге барған сәтте жұмысшылардың апыл-ғұпыл жолға тас төсеп жатқанын көзіміз шалды. Әкімдік өкілдері де бұл мәселе назардан тыс қалмағанын жеткізді. Ал жарықтың жырына келсек, жауаптылар ақаудың барын жасырмады. Айтуларынша, электр кабельдері әбден тозған. Қазір оны жаңартып, қосымша резервтік желі тарту жұмыстары қолға алыныпты.

ӘСЕТ БАСБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Кабельдік желілердің тозу деңгейінің жоғары болуы және муфталардың көп болуына байланысты ол жерде қазір авариялық жағдайлар көптеп орын алуда. Осы мәселені шешу үшін 19а 38 шағын ауданындағы РП-ға кабель тарту жұмыстары жүргізілуде. Сол жұмыстар жүргізілгеннен кейін аталған Лағыл тас тұрғын үй кешеніне қосымша екінші резервтік желі тартылатын болады және электр жүктемесі азаяды. Тұрақты электр көзімен қамтамасыз ету мүмкіндігі жақсаратын болады.

Тұрғындар су жаңа баспанада қоныс тепкенімен, өркениеттің қарапайым игілігінен қағылып отыр. Жол мен жарықтың жыры бір бөлек, енді көгілдір отынның да түйіні тарқамай тұр. Әлі күнге дейін газға қосылмаған. Ал жауапты бөлім көп ұзамай бұл да шешіледі деп уәдесін берді.

БЕГАЛЫ ҚОЖАХМЕТОВ, ҚАЛАЛЫҚ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Қазіргі таңда Қазақгазаймақ АҚ қорытындысын күтуде мекеме. Алдағы уақытта қорытындысы осы жақын күндері шығады. Шыққан кезде тұрғындар сұйытылған газды қосады.

Халық енді артық ештеңе сұрамайды, тек жаңа баспананың қызығын көріп, тұрмысқа қажетті жағдай жасалса дейді. Шенеуніктердің жалпақ сөзі желге ұшпай, уәде етілген жұмыстардың нәтижесі көрінсе екен деп отыр.

← Все новости