Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 16 просмотров

Президент «шортандардың» ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады

Ауруын жасырған өледі. Самұрық-қазына мен ҚТЖ-ның ең төбесіндегі басшылары ұсталған соң, қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізген президент жемқорлықты жою үшін қабылданатын шаралар туралы ештеңені жасырмай, билік бәрін халыққа ашық көрсетіп отыратынын мәлімдеді. Сөйтіп министрлер кабинетіне 24 қарашаға дейін жемқорлықты азайту үшін шұғыл шаралар қабылдауды талап етті. 30 жыл бойы еттен өтіп сүйекке сіңген кеселмен күресті күшейтуге 11 күні бар Үкіметтің.

«Жемқорлық індет, жою міндет!». Мемлекет коррупциямен күресте талай тәсіл қолданса да «ашкөздердің» араны басылар емес. Кеше қоғамды дүр сілкіндірген оқиғадан соң Президент Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді. Жиында жегі құртқа айналған осы кеселдің тамырына балта шабу жағы талқыланды. Ел экономикасының күре тамырына саналатын компаниялардың бірінші басшылары Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиевтің ұсталғанына жеке тоқталған Президент, бұны – мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай деп бағалады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

«Жалпы, заң бойынша тергеу мәселелерін жариялауға немесе ашып көрсетуге болмайды. Оның үстіне тергеу жұмысы да енді басталды. Алайда қазірдің өзінде мына нәрсені анық айтуға болады: бұл – біз «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын жариялап, оны Конституциямызда мемлекеттік басқару мен қоғам өмірінің басты қағидаты ретінде бекіткелі бері біртұтас жүйеге кіретін мемлекеттік компанияларда болып тұрған сыбайлас жемқорлыққа қатысты алғашқы ірі іс».

Мемлекет басшысы келтірген деректер де біраз жайттан хабар береді. Мәселен, тек соңғы үш жылда, яғни 2023–2025 жылдары елімізде бармақ басты, көз қысты 3 168 дерек әшкере болған, оның 2 165-ін мемлекеттік қызметшілер жасапты. Осы қылмыстардың салдарынан мемлекетке 248 миллиард теңгеден астам залал келген. Биылғы он айда да «қу құлқынын ғана» ойлағандар айылын жимапты. 751 сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық анықталған.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Осы статистикадан көріп отырғанымыздай, еліміздегі сыбайлас жемқорлық ахуалы күрделі болып тұр. Бірақ біз ешнәрсені де жасырмаймыз, басын құмға тыққан страустың кейпіне түспейміз. Біз осы саладағы мәселенің бәрін ашық айтамыз, жемқорлықты жою үшін қабылданған және қабылданатын шаралар туралы да ешнәрсені жасырмай, барлығын халыққа ашық көрсетіп отырамыз.

Яғни, коррупциямен күреске «біреудің өзі жақсы, біреудің сөзі жақсы» деген қағида жүрмейді. «Өзіміздікі» және «Өзіміздікі емес», тіпті «бөтен» деп бөлуге мүлде жол берілмейді. Өйткені Конституцияда заң мен сот алдында бәрі тең. Бәріміз осы заңға бағынуымыз керек. Ал құзырлы органдар түрлі деңгейдегі басшылардың қаржы жымқыру әрекеттерін жіті тексеретін болады. Президент сыбайлас жемқорлыққа батқан ниеті теріс кісілерді халықтың қас жауына теңеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Олар қазірдің өзінде «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыруға кедергі келтіріп, зиян тигізуді ойлап жүр. Біз бұған, әлбетте, ешқашан жол бермейміз.Барлық әлеуметтік инфрақұрылым нысандары, соның ішінде жолдар, әуежайлар, емханалар, оңалту орталықтары, шығармашылық үйлері, мектептер мен спорт кешендері сапалы салынуы керек. Бұл – мүлтіксіз орындалуға тиіс талап.

Коррупция — Қазақстанның ғана бас ауруы емес. Аузын айға білеген мемлекеттер де бұл кеселдің тамырына балта шаба алмай келеді. «Бұл жол оңай болмайды. Тіпті түрлі қиындықтар да кездесетіні анық» деген Президент, осы істе табандылық таныту керектігін қадап айтты.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Ел игілігіне бағытталған «Халықтық құрылыс» бағдарламасының қаржысы талан-таражға түспеуі тиіс. Бюджеттен бөлінген әр тиынды енді арнайы құрылатын комиссия жіті тексереді. Оның құрамы алдағы аптаның басында жарияланбақ. Президент Үкімет пен бақылаушы органдарға жемқорлықты азайту үшін 24 қарашаға дейін нақты ұсыныстар беруді тапсырды.

← Все новости