Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 9 просмотров

Теңге – тәуелсіздік символы

Биыл Қазақстан тәуелсіздігіне 35 жыл толады. Егемендік дегеніміз – шекараңды бекітіп, өз туыңды көтеріп, Әнұраның мен Елтаңбаңды айқындаумен ғана шектелмейді. Ол – елдің өз тағдырын өзі шешуі, саяси және экономикалық дербестігін қалыптастыруы. Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық валютаның орны ерекше. Өйткені өз ақшасын айналымға енгізу – мемлекеттің тәуелсіз экономикалық саясат жүргізуге жасаған маңызды қадамы. Теңге – егемендігіміздің көзге көрінетін тағы бір нышаны, тәуелсіздікпен бірге қалыптасқан ұлттық құндылығымыз. Арада 33 жыл өтті. Осы уақыт ішінде төл валютамыз қалай өзгерді, оны жасау үшін қандай технологиялар қолданылады? Әлемдегі ең әдемі банкноталардың бірі деген баға қаншалықты негізді?

Бір қарағанда, ақша – күнделікті қолданыстағы төлем құралы. Халық теңгемен жалақысын алады, сауда жасайды, депозитке жинайды. Алайда ұлттық валютаның мәні мұнымен шектелмейді. Ол мемлекеттің экономикалық дербестігінің белгісі, тәуелсіздіктің маңызды нышаны. Қазақстанның төл валютасы теңгенің айналымға енгеніне биыл 33 жыл. Осы уақыт ішінде ұлттық валюта талай өзгерісті бастан өткеріп, бірнеше экономикалық сынақтан өтті.

РАШИД ӘБДІРАЗАҚОВ, КОЛЛЕКЦИЯ ЖИНАУШЫ:

Банкнотқа құр қағаз, тиынға металдың бір бөлшегі деп қарамау керек. Ақша белгісін тарихи құжат ретінде қабылдаған жөн. Себебі валюта әр дәуірдің куәсі. Бұдан бөлек, оны бейнелеу өнерінің құнды жәдігері деп түсіну керек. Ал менің коллекциямның алғашқы жәдігері бала кезден жинала бастады. Міне, купюра жинауды ермек еткеніме де 50 жылға жуықтап қалды. Маңызды мереке қарсаңында жылда көрме өткізуді дәстүрге айналдырып келемін.

Теңгенің тарихы еліміздің тәуелсіздік алуымен тікелей байланысты. 1991 жылы Қазақстан егемендігін жариялағанымен, бірыңғай рубль аймағында қала берді. Алайда, дербес экономикалық саясат жүргізу үшін ұлттық валюта қажет еді. Өйткені ақша жүйесі өзге мемлекеттің саясатына тәуелді болса, экономикалық дербестікті толық қамтамасыз ету мүмкін емес.

РУСЛАН ЕРЖАНОВ, КОЛЛЕКЦИЯ ЖИНАУШЫ:

Банкнот жинауға әуестігім осыдан 4 жыл бұрын басталды. Ең алдымен, майда тиындарды шыққан жылдарымен топтастыра бастадым. Сосын қағаз ақшаларды сұрыптауға көштім. Өзімнің мамандығым тарихшы. Бұл саланы қосымша зерделеп, түрлі мағлұмат алуға көмектеседі. Шынымды айтсам, қазір неше банкнот жинағанымды санамаппын. Бірақ шамамен 5-6 үстел толатын коллекциям бар. Сирек кездесетін теңгелерді алу үшін қыруар қаржы жұмсауға тура келеді.

Ұлттық валютаны әзірлеу жұмыстары құпия жағдайда жүргізілді. Алғашқы банкноттардың дизайнын қазақстандық суретшілер жасады. Олардың қатарында Тимур Сүлейменов, Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов және басқа да мамандар бар. Ал алғашқы банкноттарды басып шығару үшін Ұлыбританиядағы «Harrison & Sons» компаниясына тапсырыс берілді.

АЙНҰР ИСАБАЕВА, АСТАНА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Біздің теңгеміз бірнеше жыл бойы Халықаралық нумизматтарға арналған онлайн жарыстарда бірінші орындарды жеңіп отырды. Монетный двор, банкнотный фабрикаларымыз болған жоқ. Сондықтан, бірінші теңгемізді Ұлыбританияда шығардық. Сондай-ақ бірінші тиындарымызды да біз шетелде шығардық.

1993 жылдың 12 қарашасында ұлттық валютаны енгізу туралы Жарлыққа қол қойылды. Ал арада үш күн өткенде, 15 қарашада теңге ресми түрде айналымға енді. Ескі рубльді жаңа валютаға айырбастауға небәрі бес күн уақыт берілді. 20 қарашада маңызды науқан аяқталды. Алғашқы айырбас бағамы бойынша бір теңге 500 рубльге теңестірілді. Алайда төл валютаның пайда болуы экономикалық қиындықтарды бірден шешкен жоқ. 90-жылдардың басындағы өндірістің құлдырауы, инфляция мен нарықтық қатынастарға көшу халықтың тұрмыс-тіршілігіне айтарлықтай әсер етті. Теңге де осы күрделі кезеңнің ауыртпалығын бастан өткерді.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:

90 жылдардың аяғы бұл үлкен инфляциямен, теңгенің құнының төмендеуімен байланысты деп айтуға болады. 2000 жылдардың басы біздегі мұнайдың бағасының өсуіне байланысты бюджеттің кіріс бөліктері қалыптасып, экономикалық өсім теңгенің құндылығы артуы. Ал енді 2015 жылдар біздегі еркін айналым. Ұлттық банк валютаны әртүрлі таргеттеуге байланысты инфляцияны қадағалаудың жүйелері қалыптасты да, соңғы 5-6 жыл бұл жалпы әлемдік геосаясатпен де тікелей байланысты. Яғни, осындай 33 жылдық тарихында ең бірінші кезекте өзінің валюта екенін қалыптастырып қалды.

Ұлттық валютаның тарихындағы маңызды белестердің бірі – 1999 жыл. Сол жылдың сәуірінде Қазақстан теңгенің еркін өзгермелі айырбас бағамы режиміне көшті. Бұл шешім сыртқы нарықтағы өзгерістер мен елдегі экономикалық ахуалға байланысты қабылданды. Ал 2000 жылдардың басында мұнай бағасының өсуі мен экономикалық белсенділіктің артуы ұлттық валютаның нығаюына ықпал етті. Дегенмен теңге кейінгі жылдары да бірнеше бағамдық өзгерісті бастан өткерді.

ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ:

Ұлттық валюта егемендіктің маңызды символының бірі. Теңге экономиканың тұрақты тірегі. Осы уақытқа дейін төл валютамыз сан түрлі кезеңнен өтті. 90 жылдардың бірінші жартысы. Теңгенің алғашқы легі айналымға ене бастады. «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» тұрған аумалы-төкпелі уақытта, көңілі күпті халық төл валютамызды қолына ұстап, бір марқайып қалды. Сауда-саттықты өз ақшамызбен жасадық. ПЕРЕХОД 2006 жыл теңге ауқымды өзгеріске ұшырады. Айналымға «Бәйтерек» деп аталатын жаңа банкноттар кірді. Дәл осы кезең ауқымды реформалармен есте қалды. Ұлттық валюта заманауи нақышқа бейімделе бастады. Қазіргі таңда купюралардың алтыншы сериясы қолданысқа енді. Жаңа банкноттар «Сақ стилінде» жасалған. Уақыт өте теңгенің түсі де, дизайны да, қорғаныс жүйесі де өзгерді. Ал заман талабына сай, халықтың басым бөлігі онлайн төлемге ауысты.

Банкноттардың дизайнын жаңарту тек эстетикалық өзгеріс емес. Бұл – ең алдымен, қаржы қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған қадам. Қазіргі купюраларды жасау күрделі технологиялық процесті талап етеді. Әрбір банкнотта қолдан жасаудан қорғайтын бірнеше деңгейлі элемент бар. Олардың қатарында сутаңба, қорғаныш жіп, арнайы бояулар мен микромәтіндер кездеседі.

АСАН АХМЕТЖАН, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Жалпы, ақша өндірісінде әрбір 7-8 жыл сайын ақша дизайны өзгеріп тұрады. Неге десеңіз бұл да ең бастысы қолдан жасаушылардың әрекетіне тосқауыл қою мақсатында іске асырылады. Себебі 5 жыл қатарынан бір банкнота шығарылса оның барлық қорғаныс элекменттерін және теріс пиғылды адамдар да оны зерттеп алып, қолдан жасауы мүмкін.

Бүгінде ақша айналымының сипаты да өзгерді. Көпшілік дүкенде, қоғамдық көлікте, тіпті базарда смартфон арқылы төлем жасайды. Қолма-қол ақшамен қатар электронды төлемдер күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Ал қаржы жүйесіндегі жаңа кезеңнің бірі – цифрлық теңге. 2023 жылдан бастап пилоттық жобасы жүзеге асырылған цифрлық валютаның құқықтық мәртебесі 2026 жылы заң жүзінде бекітілді. Бұл – ұлттық валютаның жаңа нысаны.

АСАН АХМЕТЖАН, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Бұл үшінші цифрлық түрінің заңды күшіне енуі. Ақшаның жалпы бірнеше түрі бар. Ол қолма-қол ақша, электрондық ақша және цифрлық теңге. 2023 жылдан бастап цифрлық теңге пилоттық жобадан өткізілді. Енді, заң жүзінде заңдық мәртебе берілді. Бұл цифрлық технологияларда кеңінен қолданылуға. Осы цифрлық кеңістікте цифрлық ақшамен есеп айырысуға зор мүмкіндік беріп отыр.

Дегенмен ұлттық валютаның маңызы оның сыртқы келбетімен немесе жаңа технологиялармен ғана өлшенбейді. Ең басты көрсеткіш сатып алу қабілеті. Қарапайым халық үшін теңгенің құны күнделікті шығыннан, азық-түлік бағасынан, ай сайынғы табыстан көрінеді. Сондықтан, инфляцияны тежеу, ішкі өндірісті дамыту және импортқа тәуелділікті азайту – ұлттық валютаның тұрақтылығына ықпал ететін маңызды факторлар.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:

Сапасына, дизайнына байланысты біздің ұлттық теңге әлемдегі бірінші бестікке кіреді. Ол біздің мақтанышымыз. Бірақ экономикаға пайдасы оның тек қана дизайнында емес. Оның жалпы, экономикадағы үлесімен яғни, төл теңгеміздің құнын арттыру үшін бірінші кезекте өзіміздегі ішкі өндірісті қалыптастыруымыз керек. Яғни, жаңа жұмыс орындары. Жаңа стартап жобалардың қалыптасуы. Біз инфляциямен күресудің жолдарын дұрыс бағытқа қоюымыз керек. Инфляция дегеніміздің өзі көбінесе бұл ақшаның құнсыздануы ғана емес. Біздің елге келіп жатқан импорттық тауардың жоғары болуы.

ҒИМРАН ӘБДІРАХМАНОВ, ТӘУЕЛСІЗ ҚАРЖЫ САРАПШЫСЫ:

Қазір мұнайдың бағасы шарықтап жатыр долларға қарағанда. 100 долларға дейін жетті. Жалпы, ол өте теңгеге оң әсерін тигізеді. Қазақстанның экономикасына, бюджетінің толықтырылуына, профициттің пайда болуына өте жақсы оң ықпалын тигізеді. Теңгенің нығаюы ол қазіргі шикізатқа байланысты. Мұнайдың шарықтауы және Ұлттық банктің жылдық мөлшерлемені түсіруі болып саналады.

Теңгенің тарихы тәуелсіз Қазақстанның экономикалық шежіресі. Оның бүгінгі құны мен ертеңгі тұрақтылығы ел экономикасының дамуына, қаржы саясатына және әрбір азаматтың әл-ауқатына тікелей байланысты. Бірақ заман өзгергенімен, ұлттық валютаның мемлекет үшін маңызы жоғалған жоқ. Ол экономикалық дербестіктің белгісі, қаржы саясатының негізгі құралы. Теңгенің болашағы да ел экономикасының дамуымен тығыз байланысты. Өндіріс өркендеп, экспорт әлеуеті артып, ішкі нарық нығайған сайын ұлттық валютаның да тұрақтылығына негіз қалыптасады.

← Все новости