Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 9 просмотров

Қорғансыздың күнін кешкендер

Долданған пациент, қорғанған әрі қорланған дәрігер. Әр шақыртуда жанын шүберекке түйіп, көз бен құлақты байлаған квестке аттанғандай күй кешетін ақ халаттылардың қызметі әлі де қауіпті. Әсіресе, алып шаһарлардағы әр сапары арпалысқа толы мамандардың мұңы жетеді. Соңғы 7 айда осындай 51 дерек тіркеліп, қылмыстық іс қозғалған. Заң жүзінде мұндай әрекеттерге жауапкершілік күшейтілген еді. Бірақ ашуға мінгендердің аяқ астынан шапшып, шабуылдау фактілері неге тыйылмай тұр? Дәрігер мен пациент арасындағы даудың алдын алудың қандай амалы бар?

Екі жыл бұрын Қарағандыда жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі соққыға жығылды. Осы жылдың сәуірінде Екібастұзда 3 адам дәрігер мен медбикені жабылып ұрды. Бұған жақында ғана Ақтауда болған оқиғаны қосыңыз. Осы аралықта дәрігерлерге дөрекі сөйлеп, қол көтергендерге жаза күшейтілгенімен, ара-тұра әлеуметтік желілерден ақ халаттылардың жағасынан алып жатқандарды әлі де көріп жүрміз.

ШАНШАРХАН ӘБДУХАЛИМ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бетіме қарап тұрып, балаңды балаңды қарайын ба, қарамайын ба деп мұрнының астынан мысқылдайды. Мен балам үшін бәрі затқа дайынмын. Сабыр сақтадым бәрі затқа. Біраз затқа көз жұмып қарауға тура келді.

Бұл – «балам қатты ауырып тұрғанын көре тұра әрекет қылмады» деп ашуға булығып, дәрігерге қол көтердім деген Ақтау тұрғыны. Ал «қолдан келгеннің бәрін жасадық, адамдардың өміріне араша түссек те, олардың тепкісіне қашанғы шыдай береміз», – деген дәрігердің де уәжін естідік.

ҚАНАТ ИСМАИЛ, ХИРУРГ:

Әркім осылай тап беретін болса, бізден не қалады? Бұдан кейін қалай жұмыс істейміз?

Науқас баланың әкесі мен дәрігер арасындағы дауға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Денсаулық сақтау министрі «ақ-қарасын тергеушілер ажыратар» деп, қай тарапты болмасын айыптамас бұрын, асығыс шешім шығармауға шақырды.

АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Ота жасалды. Фактический 2 күннен кейін ата-анасы ары қарай ем қабылдаудан бас тартты. Баланы алып кетті. Одан кейін тағы түсті. Түскеннен кейін 1 тәулікке жетпей, екінші рет алып кетті. Сөйтіп үшінші рет бала келіп, ауырсынып, әрине, температурасы көтеріліп, жылағаннан кейін осындай жағдай болды.

Бұған дейін Қостанайда болған осыған ұқсас оқиға туралы айтып едік. Дәрігер Антон Кистанов өзі емдеген науқасынан ауыр соққы алып, жан сақтау бөлімінен бір-ақ шыққан еді. Қазір де ара-тұра тексеріліп, зардабын әлі тартып жүр. Іс сотқа дейін жетіп, айыпталушы жарты жылға сотталған. Сондай-ақ 2,5 млн теңгелік өтемақы төлеуі тиіс еді. Арада жыл өткенде жағдайдың қалай өзгергенін сұрадық.

АНТОН КИСТАНОВ, ХИРУРГ-УРОЛОГ:

Меніңше, бұл іс аяқсыз қалып тұр. Айыпталушы өз кінәсін мойындамаған еді. Әлі де сол қалпы. Сот оған материалдық өтемақы төлеуді үкім еткен. Алайда бүгінге дейін бір тиын да өндірілген жоқ. Менімен байланыс толық үзілді десем болады.

Қостанайлық дәрігер ақ халаттыларға қол көтергендерге жазаның күшейгенін құптайды. «Заң күшіне енген соң, науқастардың көзқарасы өзгергенін байқап жүрмін», – дейді ол. Ал ресми статистикаға сүйенсек, 2019 бен 2025 жылдар аралығында дәрігерлерге 280 шабуыл жасалған. Ал биылғы наурыздан бері тіркелген деректердің саны 50-ден асып тұр.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ЖАУАБЫ:

2026 жылғы 7 наурыздан бастап медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне кәсіби міндеттерін орындау кезінде қорқыту немесе күш қолдану үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді. ІІМ мәліметінше, заң күшіне енгеннен бері 51 құқық бұзушылық тіркеліп, 22 іс сотқа жолданды, 20 күдікті ұсталды. Заңның тиімділігі құқық бұзушылықтар динамикасын салыстырмалы талдау негізінде бағаланатын болады.

ОЛЖАС САЙЛАУБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:

Жедел жәрдем бригадасы күнделікті ондаған науқасқа барады. Әр есіктің ар жағында оларды қандай жағдай күтіп тұрғанын білмейді. Бірінде адамға шұғыл медициналық көмек қажет болса, енді бірінде дәрігерлердің өз өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төнуі мүмкін. Өйткені олар көмекке мұқтаж адамның жағдайын ғана емес, айналасындағы ахуалды да алдын ала болжай алмайды.

Өзі көмек көрсеткен науқастың шабуылына тап болғандардың бірі – Еркебұлан Шәкен. 9 жылдық тәжірибесінде мұндай оқиға бірінші рет болды дейді. Осыдан екі ай бұрын жедел жәрдем бригадасы басынан жарақат алған азаматқа алғашқы көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізген. Масаң күйдегі науқас ойда жоқта фельдшерге тап беріп, жағасынан алыпты. Енді сол әрекеті үшін түрмеде отыр.

ЕРКЕБҰЛАН ШӘКЕН, ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТІНІҢ ФЕЛЬДШЕРІ:

Милиция қызметкерлеріне хабарланып, заң жүзінде бүкіл шаралар қолданды. Сот болды. Ол адамға мен сотта кешірім бергеннің өзінде жедел медицина қызметкеріне қызмет барысында қол көтергені үшін бас бостандығынан 1,5 жылға айырылды.

Қолданыстағы заң біз әңгімеге тартқан дәрігерлердің көңілінен шығып-ақ тұр. Бірақ әлі де жетілдіруге болатын тұстары бар дейді. Тәртіп сақшылары секілді қызмет барысындағы әр әрекетті таспалап отыратын камераның міндетті түрде қарастырылуын қалайды.

АНТОН КИСТАНОВ, ХИРУРГ-УРОЛОГ:

Қызмет барысында камера қолдану мүмкіндігін қарастырған жөн. Нақты менің жағдайымда да ол біраз мәселені шешер еді. Айыпталушының сөзінше, мен дөрекі сөз айтып, оның намысына тидім. Оның қол көтеруіне сол себеп болған. Абырой болғанда оқиға куәгері табылып, оның сөзін жоққа шығарды. Егер сол кезде камера түсіріп тұрғанда, жазбаға қарап-ақ бәрін нақты көруге болар еді.

Дәрігер қызметіне көңілі толмаған науқастардан да шағым көп екені белгілі. Арадағы дау әркез сотқа дейін жете бермейді. Медиация мүмкіндігін пайдаланып жататындар да баршылық. Кейде жылдап қаралатын процесс бірнеше аптада-ақ шешімін табады. Уақытпен бірге ақша да үнемделеді. 6 жылдан бері медицина саласындағы даулармен айналысып жүрген заңгер Гүлнұр Керейқызы көбіне келісімге келуді ұсынады. Өзі араласқан істердің көпшілігі қос тараптың бір ымыраға келуімен аяқталған екен.

ГҮЛНҰР КЕРЕЙҚЫЗЫ, ЗАҢГЕР:

Дәрігерлер өз кінәсін түсініп жатса, егер шынымен кінәлі болып, кешірім сұрап жатса, одан кейін компенсациясын төлесе, онда пациент те шағымын ары қарай іске асырмай, кешіреді, ақшасын алады, сонымен екі тарап екі жаққа кетеді, дау сонымен бітеді.

Кейде медициналық даудың туындауына емнің нәтижесі емес, дәрігер мен пациент арасындағы түсініспеушілік себеп болады. Медициналық көмекке жүгінген адам дәрігерге денсаулығын сеніп тапсырады. Бірақ ем-домның нәтижесі ғана емес, оған дейінгі әрбір әрекеттің де маңызы зор.

ГҮЛНҰР КЕРЕЙҚЫЗЫ, ЗАҢГЕР:

Жасалатын, жүргізілетін, мысалы отаның себебін, оның қандай салдар туғызатынын барлығын, пациенттің барлық сұрағына жауап беруге міндетті. Және барлық ақпаратты шынайы жеткізуге міндетті. Көп жағдайда дау неден туындайды. Пациентке ақпараттың берілмеуі. бермейді, түсіндірмейді. Немесе пациенттің қолын қойдырып алады да, ал пациент неге қол қойғанын білмей жатады.

Дәрігер қызметіне көңілі толмағандар тұтынушылар құқығын қорғау ұйымдарына да жүгінеді. Саладағы тәжірибелі сарапшылар мұндайда екі тарапқа да тәуелсіз уәкіл болуы керек дейді.

ТҰРСЫН БӘТКЕНҚЫЗЫ, ТҰТЫНУШЫЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ САЛАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

Денсаулық саласында омбудсмен керек. Бұл жаңағы құрылтайдың депутаттарының құлағына алтын сырға. Не себептен? Конфликтный ситуация болады ғой. Емхана қарастырса, өз жағын қарайды, пациент өз жағын ғана қарастырады, солай ғой. Тәуелсіз, ол не емхана жақты, не пациент емес, оны нақтылап қарайтын кәдімгідей сондай омбудсмен бізге ауадай қажет.

Медициналық көмек көрсету барысындағы кикілжіңдер – қоғамдағы күрделі мәселелердің бірі. Бұл тұста сапалы ем мен нақты ақпарат талап ететін пациенттің де, қауіпсіз әрі қысымсыз жұмыс жағдайын сұрайтын дәрігердің де өз дәлелі бар. Заңның қатаңдауы мен жазаның күшеюі құқық бұзушылықтың алдын алуға белгілі бір деңгейде септігін тигізеді. Алайда мәселені түбегейлі шешу үшін тек жазалау шаралары емес, жүйелі диалог қажет. Сарапшылардың пікірінше, алдағы уақытта екі тараптың да құқығын тең қорғайтын тәуелсіз омбудсмен немесе медиация институтын дамыту дауды өркениетті жолмен шешудің негізгі тетігі болмақ.

← Все новости