Үкімет басшысы Ақтөбе облысында жүр. Олжас Бектенов өңірдің өндіріс әлеуетімен, кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысты. Соның бірі — «Қазақстандық мұнай жабдықтары зауыты». Мұнда мұнай-газ саласына қажеттінің бәрі шығарылады екен. Зауыт жұмысымен танысқан премьер-министр отандық кәсіпорындарды дамытып, қуаттылығын арттырып, сапалы өнім шығару үшін жағдай жасауға мән беру керек деді. Қазір зауытта 200-ден астам адам жұмыс істейді. Басым бөлігі — жергілікті мамандар.
САЛАМАТ ОРАЗАЛИН, ЗАУЫТ ШЕБЕРІ:
Мен осы зауытта 2017 жылдан бері жұмыс істеймін. Алғашында дәнекерлеуші болып жұмысқа кірдім. 4 жылдан бері шебермін. Біз 15 адам болып жұмыс істейміз бір цехта. Біздің екі цех бар. Бірінші цех құбырлармен айналысады, ал біз дәнекерлеумен айналысамыз. Біздің жұмыста барлығы бар: медсақтандыру, айлығы жақсы.
Қой жүнін өңдейтін Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын да Ақтөбеде. Былтыр ашылған нысанда табиғи таза жүннен таптырмайтын жылу оқшаулағыш құрылыс материалы мен техникалық киіз өндіреді. Зауыттағы құрылғының бәрін Италиядан алдырған. Жылына 3,5 мың тонна жүнді өңдеуге қауқары бар. Ал шикізатты тек Ақтөбе ғана емес, көрші облыстардан да қабылдап отыр. Дегенмен қол байлау мәселеде бар екен. Кәсіпорын иесі Бектеновке бүкпесіз бәрін айтты.
ЕРЛАН ЖАҢАБЕРГЕНОВ, ЗАУЫТ БАСШЫСЫ:
Қазіргі кезде біздің Қазақстанда табиғи өнімнен шығатын жылу оқшаулағыш материалдарға мемлекеттік стандарт жоқ. Сол — басты проблема. Соны жаңа а Үкімет басшысына айтып, көмек сұрадым.