Америкалықтар шымкенттіктерге риза боп жатыр. Бүгін ұлттық университет деген мәртебе алған Әуезов атындағы оқу ордасына атақты Аризонадан келген профессорларға жергілікті жастар да, ауа райы да қатты ұнайды екен. Жалпы қазір Қазақстанның әр өңірінде әлемнің мен деген 33 оқу ордасының филиалдары жұмыс істейді. Жастар елден жыраққа шықпай-ақ халықаралық дипломдарын алып жүр. Ендеше шетел асып барып қыруар қаражатқа оқытатын «Болашақ» бағдарламасының болашағы қандай? Ол керек пе өзі?
ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:
Білімнің жаңа бағыты мен ғылымның тың ізденісі тоғысқан бүгінгі форумға әлемнің жетекші университеттерінің ректорлары, ғалымдар мен сарапшылар жиналды. Астана төріндегі Стратегиялық серіктестердің III форумында жоғары білімнің келешегі мен халықаралық әріптестікті тереңдету жолдары талқыланды.
Қазір елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы жұмыс істейді. Олар елорда мен Алматыда ғана емес, Шымкент, Түркістан, Ақтөбе, Талдықорған, Қостанай секілді қалаларда да ашылған. Осылайша, әлемдік білім бағдарламалары өңір жастарына да қолжетімді бола бастады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз университеттеріміздің әлеуетін нығайтып, қуатты академиялық ортаның қалыптасуына тың серпін береміз. Шын мәнінде елдің технологиялық дербестікке жетуі ең алдымен, білім-ғылымның өркендеуіне тікелей байланысты. Сондықтан біз жастарымыздың сапалы білім алып, ғылыми зерттеулермен алаңсыз айналысуына және өз идеяларын жүзеге асыруына барынша жағдай жасауымыз керек. Ұлттың зияткерлік қарымы мен қабілетін ашу тұрғысынан мұның маңызы зор.
Шетелдік университеттердің филиалдарында 12 мың студент білім алып жүр. Ал Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқитын шетелдік студенттердің саны 41 мыңға жетті. Өңірлердегі халықаралық әріптестіктің бір үлгісі — Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мен Аризона мемлекеттік университетінің байланысы. Бүгін М.Әуезов университетіне ұлттық мәртебе берілді.
МҰХТАР ӘДІЛБЕКҰЛЫ, М. ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ:
Алғашқы жылы 25 студент қабылдадық, биыл 46 студент оқуға түсті. Олар пәндерді ағылшын тілінде меңгереді. Қазір университетімізде Аризонадан келген үш профессор еңбек етеді. Оларға Шымкенттің ауа райы да, талантты студенттері де ұнайды. Студенттеріміздің IELTS деңгейі 6–7 балдан жоғары.
Халықаралық серіктестік жаңа кампустар мен ғылыми жобалар арқылы жалғасын табады. Келесі жылы инфрақұрылымды дамытуға және қолданбалы ғылымға басымдық берілмек.
САЯСАТ НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:
Алатау жаңа қаласында ірі зерттеу кампусының құрылысы басталады. Кардифф университетінің кампусының құрылысы да басталып кетті. Астанада 20 гектар аумақты қамтитын кампустың алғашқы кезеңін келесі жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Тағы бір маңызды жаңалық — медицина және биомедицина саласында тұңғыш шетелдік медициналық зерттеу университеті ашылады. Сонымен қатар Кардифф университетінің негізінде жасанды интеллект бойынша магистратура бағдарламасы іске қосылады.
Әлемдік университеттердің бағдарламалары ел ішінде қолжетімді бола бастаған тұста «Болашақ» бағдарламасының алдағы бағыты да талқыланды.
САЯСАТ НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:
Бізге болашақ бағдарламасы әлі де қажет. Алдағы бес жылда «Болашақ» бағдарламасы елімізге қажетті, тапшы әрі мамандандырылған бағыттар бойынша кадр даярлауға басымдық береді. Кейбір салаларда ғылыми базамыз әлі жеткілікті деңгейде қалыптаспаған. Сондықтан бұл мамандар бізге қажет. Басқа да басым бағыттар бар. Биылдан бастап жасанды интеллект саласына жыл сайын 100 грант, ал ядролық энергетика бағытына 20 грант бөлінеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ғылым – тұтас адамзаттың игілігіне қызмет ететін теңдессіз құндылық. Сондықтан білімде шекара жоқ, болмауға да тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан барлық елмен зияткерлік байланысты ұлғайтуға ұдайы баса мән береді. Бұл ретте еліміздің білім және ғылым саласын дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан университет басшыларына, ғалымдарға, оқытушыларға және барша әріптестерімізге тағы да алғыс айтамын.
Шетелдік филиалдар, жаңа кампустар мен бірлескен ғылыми бағдарламалар – жоғары білімнің әлеуетін арттыруға бағытталған қадамдар. Қазақстанның академиялық байланысын кеңейтіп, ғылымды дамыту ісі алдағы уақытта да жалғасын таппақ.