Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 9 просмотров

Жаңа үйде жұрт жылуға жарымай отыр

Қарашаның қара суығы ешкімді де аяп жатқан жоқ. Адам түгілі, тұрғын үйлерді де. Таразда биыл пайдалануға берілген көпқабатты үй қар түспей жатып-ақ суып кеткен. Жаураған жұрт жаңа баспаналарында газ жағып, қосымша жылу көздерін пайдалануға мәжбүр. Қабырғалары да сыр беріп, жаңбыр жауса, су тамшылайды екен. «Жылдар бойы кезекте тұрып, әрең қол жеткізген баспанамыз бір жылға жетпей әлекке салды» деген тұрғындардың қазіргі жағдайы қалай?

«Екі апта бұрын сорғы орнатсақ, үйлеріңіз жылынады деді. Еш өзгеріс жоқ. Содан бері ешкім тексерген жоқ».

Ұлы дала шағын ауданындағы су жаңа тұрғын үйлер қарашаның қара суығына төтеп бере алмай қалды. Таң атысымен аулаға шыққан тұрғындар осылай дейді. Айтуларынша, биыл ғана қоныстанған пәтерлерінде жылу мардымсыз. Амалсыздан тұрғындар қосымша жылу көздерін пайдаланады. Одан қалса күн-түні газға су жылытып, амалдап отыр.

ГҮЛЖАН БАЯНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Жылуға жауапты мекеме басын алып қашып отыр. Олар барлығын мердігерге сілтейді. Ал, мердігерлер жылуға жауапты мекемеге сілтейді. Сонымен екі ортада тұрғындар зардап шегіп отырмыз. Бұл мәселенің шешілетін күні бар ма? Хабарласқан ұйымдар бір-біріне сілтеп отыр.

Жұрт жылумен алысып жүргенде, жаңа ғимараттың қабырғалары да сыр бере бастапты. Анығын айтсақ, пәтер ішіндегі пайда болған мынадай сызаттар тайға таңба басқандай анық көрінеді. Балконнан сыздықтап аққан жаңбыр суы тұрғындардың мазасын одан бетер қашырған. Қуанышы көпке созылмаған тұрғындар көздеріне жас алып, жауаптылардан кеткен кем-кетікті дереу арада түзетуді талап етті.

РОЗА ТАДЖИКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

10 жыл тұрдық осы пәтерді алу үшін кезекте ия сөйтіп қазір міні жылағым келіп жатыр. қабырғаларда сызаттар пайда болып жатыр. Оның бәрін айтып жатсақ Үй «осадка» береді. Сөйтіп сызаттар былайды былай болады деп сабырлықпен айтып жатырда.

Қала әкімдігінің мәліметінше, 15-шағын ауданға жылу тиісті мөлшерде беріліп тұр. Мамандар бар мәселе тек құбыр ішіндегі ауаға байланысты дейді. Бұл жұмыстар бүгін-ертең толық қалыпқа келеді деп отыр. Ал қабырғалардағы жарықшақтарды мердігер кепілдік мерзімі аясында жөндемек.

ДАМИР ЖАМАНБАЕВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жалпы жертөлесіне дейін келіп тұрған температураның қысымы жеткілікті. 60 градус пен ыстық барып тұр астына Тек қана тұрғындар тарапынан құбырда жиналған ауалар бар ауасын шығарсақ қайтадан өзінің жүйесіне келеді.

Бастапқы бас жоспарда Ұлы дала мөлтек ауданында 90 көпқабатты тұрғын үй салу көзделген. Жылу жүйесі де осыған сәйкес жобаланған. Кейін баспананың саны 140-қа дейін көбейген соң, әкімдік жылу магистралін былтыр жаңғыртудан өткізіпті. Енді елдегі ірі шағын аудандардың бірі саналатын бұл аумақта мәселе болмайды деп сендірді.

← Все новости