Екі бірдей өңірдің тұрғындары жылдар бойы тартып келген жол азабынан құтылды. Қызылорда мен Жезқазғанды жалғайтын 400 шақырымдық автожолдың құрылысы аяқталып, жаңартылған трассадағы көлік қозғалысы ресми түрде ашылды. Осылайша, жарты ғасыр бойы жөндеу көрмеген, талай жанның жүйкесін әбден жұқартқан күре жол халық игілігіне берілді. Бұрын ойдым-ойдымы шыққан екі араны жүргізушілер сегіз сағатта әрең жүріп өтсе, енді төрт сағатта еңсереді. Жөндеу жұмыстары барысында төрт көпір салынып, 2 жарым миллион текше метрге жуық асфальт төселді. Ауқымды жұмысқа екі мыңнан астам маман мен 1400 техника жұмылдырылған. Ендігі кезекте 457 шақырымдық «Қарағанды – Жезқазған» бағыты қолға алынады. Бұл тас жолды 2029 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
ДАРХАН ИМАНАШЕВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Бұрын жол мүлдем болмаған. Күз кезінде көктем кезінде жаңбыр жауғанда лай болатын жол. Оңтүстіктің жолаушылары бұрын Балқаш арқылы жүретін. Енді қазір осы Жезқазған арқылы орталыққа жетуге мүмкіншілігі толық бар. Соның аясында жоқ дегенде 500 жолы қысқарады.