Елімізде жыл басынан бері ауыр қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен 40-тан астам ұйымдасқан топ ұсталды. Олардың құрамында болған 240 қылмыс әлемінің серкесі қазір жауапқа тартылып жатыр. Ішкі істер министрлігі 10 айдың жұмысын қорытындылап, осындай деректерді жариялады. Осы уақыт ішінде полицейлер заңсыз айналымнан 380-ге жуық атыс және травматикалық қару мен 5 мыңнан астам оқ-дәрі тәркілеген. Бұдан бөлек, азаматтарды бопсалауға қатысты 500-ге жуық дерек анықталды. Оның ішінде кәсіпкерлер мен білім беру ұйымдарына қысым көрсеткендер де бар.
ҚУАНДЫҚ АЛПЫС, ҚР ІІМ ҰЙЫМДАСҚАН ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӨКІЛІ:
ІІМ ең алдымен қылмыстардың алдын алуға, азаматтардың қауіпсіздігіне төнетін қатерлерді уақтылы жоюға және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмысты жалғастырады. Қоғам өмірінің барлық саласында «Заң мен Тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету полиция қызметінің сөзсіз басымдығы болып қала береді.