Адам өмірінен ақша қымбат! Түркістан облысында медицина саласында жасалған коррупциялық қылмыс әшкере болды. Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері мен кәсіпкер жансақтау бөлімінде ауыр халде жатқан науқастарға арналған оттегі жүйесін сатып алуға бөлінген бюджет қаржысын жымқырған. Олар өңештерінен 117 миллион теңгені өткізіп жіберіпті.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Тергеу барысында 2022–2023 жылдары аурухананың бұрынғы бас дәрігері кәсіпкермен алдын ала келісіп, медициналық газбен емдеуге арналған қондырғыны сатып алуға бөлінген қаражатты жымқыру схемасын ұйымдастырғаны анықталды. Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін біртұтас медициналық кешен бірнеше жеке тауарға бөлініп, оларды сатып алу көздеріне бағынышты компания арқылы нарықтағы бағадан қымбатқа рәсімдеген.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, жабдықты жеткізіп, орнату жұмыстарын іс жүзінде басқа ұйым атқарған. Ал ым-жымы бір қулар қылмыстық жолмен тапқан қаржыны қалталарына басып, шалқып өмір сүрген. Мәселен, бұрынғы бас дәрігер Астанадан пәтер сатып алып, туысының атына жазып қойыпты. Бұдан бөлек, екі автокөлік тәркіленді. Сот үкімімен «Гиппократ» антынан тайған ақ халатты 8 жылға, ал кәсіпкер 7 жылға бас бостандығынан айырылды.