Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 5 просмотров

Шекарадағы «Жібек жолы» бекеті қайта ашылды

Өзбекстанға өтерде енді сағаттап кезек күтпейміз. Көрші елмен арадағы жолаушылар қатынасы енді әлдеқайда жеңілдейді. Түркістан облысындағы «Жібек жолы» шекара өткізу бекеті бір жылдық үзілістен кейін қайта жұмыс істей бастады. Жаңғыртылған нысанның мүмкіндігі бұрынғыдан бірнеше есе артып, тәулігіне 100 мың адамға дейін өткізе алады.

«Жібек жолы» – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ең ірі әрі стратегиялық маңызы зор өткізу бекеттерінің бірі. Бір жылға жуық уақытқа созылған жаңғырту жұмыстары аяқталып, нысан қайта ашылды. Салтанатты рәсімге екі елдің қаржы министрлері Мәди Такиев пен көршіміздің Жамшид Кучкаров қатысты. Мамандардың айтуынша, жаңа инфрақұрылым екі ел арасындағы барыс-келісті жеңілдетіп, сауда айналымының артуына мүмкіндік ашады.

МӘДИ ТАКИЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

2024 жылы бұл бекеттен 11 млн адам өткен көрші елге. Биыл жаңғыртудан өткеннен кейін бұл бекеттің адам өткізу қабілеті 4 есеге артады. Біз жаңа Q-gate қойдық. Одан бөлек 82 тексеру пункті бар. Жолаушылар тез өтетін болады. Жүкпен келе жатқандар бөлек өтеді, жүксіз келе жатқандар тез өтеді. Ары кетсе 5-10 минутта өтіп кетеді.

Жаңғыртылған бекетте әрқайсысының аумағы 10 мың шаршы метр болатын екі жолаушылар терминалы салынған. Бұған қоса, заманауи бақылау жүйелері орнатылып, көлік қозғалысы мен паспорттық тексеру мүмкіндіктері кеңейтілді. Мәселен, паспорттық бақылау орындары көбейіп, рентген құрылғылары мен көлік жолақтары жаңартылды. Азаматтарды бет-әлпеті арқылы сәйкестендіретін Face ID жүйесі де орнатылған. Соның нәтижесінде жолаушыларды өткізу қабілеті төрт есе, жеңіл көліктердікі бес есе, ал автобустарды өткізу мүмкіндігі тоғыз есе артады.

САЙТ СҮЙІНХАНОВ, САРЫАҒАШ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қапланбек бекетінде кептеліс жиі болатын алдындары. 2-3 күндеп кезекте тұрып қалатынбыз. Қатты маза қашатын. Жібек жолы бекетінде барлық жағдай жасалған. Төрт полосадан алты полоса. Машина кезекте тұрмайды. Алдындары 300 автокөлік өтетін болса, қазір 2000 көлік өтетін жағдай жасалыпты. Өте керемет.

Шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соңғы екі жылда Өзбекстан, Қытай және Түрікменстанмен шекарадағы 10 автомобиль өткізу пункті жөнделіп, пайдалануға берілген. Биылғы он айда шекарадан өткен автокөліктер саны 23 пайызға өсіп, 1 миллион 700 мыңға жетті. Бұл кедендік салық түсіміне әсер етіп, 4 триллион 300 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға артқан.

← Все новости