Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 17 просмотров

Алапат өрт: бес адам тірідей жанып кетті

Алматыда алапат өрттен бес адам қаза тапты, олардың бірі – 4-сынып оқушысы. Таңғы төрттер шамасында тұтанған тілсіз жау дәлізі ұзын, он бөлмелі жалдамалы жер үйді түгін қалдырмай жалмап кетті. Мұндағы әр отбасы 16 шаршы метрлік аядай бөлмеге айына 100 мың теңге төлеп, паналап келген. Жалын ортасынан әрең аман шыққан тұрғындардың айтуынша, қалың ұйқыда жатқан көршілері көк түтінге тұншығып, көз жұмған. Марқұмдардың арасында 60 жастағы анасы мен қызы, Өзбекстаннан келген екі еңбек мигранты бар. Сондай-ақ осында екі баласымен тұрған келіншек бір перзентін құтқарып үлгергенімен, екіншісін ажалдан арашалай алмаған. Терезеден секіріп аман қалған куәгерлер жантүршігерлік оқиғаның мән-жайын баяндап берді.

АНАР ТҰРҒАНБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Есікті ашқанымда түтінге тұншықтым. Содан есікті жауып, отбасымды оятып, терезеден секіруге мәжбүр болдық. Үстіміздегі киіммен далаға шықтық. Сол кезде құтқарушылар да, жедел жәрдем қызметі де келіпті. Қатар тұрған бөлмелердің алғашқы үшеуіндегі адамдар қайтыс болды. Өйткені өрт сол жақтан басталған. Үйдің шатыры өртеніп бастады ғой.

Қазір оқиға орнында жауапты мамандар тайлы-тұяғымен тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қызыл лентамен қоршап, адам баласын ішке кіргізбеді. Тіпті сол маңайда тұратын жұрттың жүріп-тұруы қиындаған. Ал әкімдік баспанасыз қалған отбасыларды қонақүйге жайғастырып, ыстық тамақпен қамтамасыз етіпті. Бұл дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.

← Все новости