Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 18 просмотров

Марқұмдарды кім «тірілтіп» жатыр?

Марқұмдарды тірілтіп, тілсіздерге тіл бітіру қазір қас-қағым. Телефонды ашасың, батырманы басасың, әрі қарай өзі жасасын деп суреттерді ЖИ-ге жүктей саласың. Өмірден өткеніне сан жылдар болғандардың бейнесі әп-сәтте қимылдап, көзі күлімдеп, қолын бұлғап шыға келеді. Иә, сағынған адамыңның сағым болған түр-әлпетіне бір «жан бітіріп», мауқыңды басқан да жөн шығар?! Алайда жасанды интеллекттің тілін білемін деп бақилық болған танымал тұлғалардың бет-бейнесін жарнамаға қолданып, жарияға жар салып жүргендер жұртқа жақпай қалды. О дүниелік болғандардың фотосын ақша табу мақсатында пайдаланғандар ардан аттап кетіп жатқан көрінеді.

АЯЖАН ҚОЖАТАЙ, ТІЛШІ:

Технология дамыған сайын адамзат жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізді. Бірақ оның көзге көрінбейтін, көпшілікке білінбейтін экологиялық зардабы да бар. Мәселен, мынадай 10 секундтық видеоны жасау үшін жарты литр бөтелке су кетеді. 1 адам күніне 1000-нан аса ролик жасайтын болса, нәтижесінде 1000 бөтелке тіршілік нәрін сарп етеміз. Бұл болашақтың қамы үшін жұмсалса игі. Алайда жасанды интеллектінің бағытын басқа арнаға бұрып, этикаға емес, эмоцияға, қайғыға емес, қаралымға қарайтын контент иелері көбейген.

Әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, өмірден озған жандардың «тірілген» бейнелерінен көз сүрінеді. Ең сорақысы – етжақындарының бұл жайттан бейхабар болуы. Жанға түскен жараның беті енді-енді жазыла бастағанда, желіден марқұмның таныс жүзін көру тіпті ауыр. Дәл осындай жағдайға тап болған кейіпкеріміз өз оқиғасымен бөлісті. Ол біреудің қасіреті екінші біреуге қаралым мен рейтинг жинаудың құралына айналғанын айтып қынжылады.

АРУЖАН, КЕЙІПКЕРДІҢ АТЫ ӨЗГЕРТІЛГЕН:

Өте қиын болды. Құрбымнан отбасылық ұрыста қош айтысқан болатынбыз. Ол құрбым қайтыс болған кезде жалпы фото-видеосы көп тарап кетті. Отбасын 1 айдан кейін енді-енді сабырға шақырып жатқанда қайғылы видеосын көріп қалдық құрбымның суретімен. Ол бізге өте ауыр соққы болды, өйткені өзіміз енді-енді есімізді жия бастағанда осындай суретті көру, видеоны көру аянышты интернет желісінен қатты ауыр соқты бізге.

Бұл – бір отбасының ғана басындағы жағдай емес. Желідегі мұндай бейнелер көбейген сайын, қоғамда наразылық та күшейіп келеді. Қоғам белсендісі Зиуар Жұманованың айтуынша, өмірден өткен адамды виртуалды түрде «тірілту» көпшілікті шатастырып, жақындарының жарасын одан сайын тырнайды.

ЗИУАР ЖҰМАНОВА, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Мен өз басым ондай контентке қарсымын. Себебі ол ата-аналарына да ауыр. Екіншіден, айналадағы қоғам оны тірі адам деп ойлап қалады. Сондықтан мына қазіргі тірі өмір мен жалған өмірдің айырмашылығын біз білуіміз керек. Қазір қайтыс болған адамды тірілтіп нететін болса оларды қоғам да ойлайды мынау тірі адам екен ғой деп.

Көпшілік қарсы болғанымен, бұл үрдісті табыс көзіне айналдырғандардың қатары сирер емес. Ескі суреттерді сөйлетіп, естелікке жан бітіремін деген жарнамалар желіде өріп жүр. Қызмет ұсынушылар істің құқықтық әрі этикалық жауапкершілігін ескере бермейді. Осындай кәсіп иелерінің біріне біз де хабарласып, бөтеннің бейнесін жариялау үшін рұқсат сұрай ма, жоқ па – біліп көрдік.

AI-КРЕАТОР, ТЕЛЕФОН АРҚЫЛЫ БАЙЛАНЫС:

1 фото – 1500 теңге, 10 фото – 9 мың теңге. Видео, музыка – бәрі қосылады сразу. 15 фото – 14 мың теңге, 20 фото – 18 мың теңге. Көбінесе еске алуға жаңағындай 10-15 фотоны «оживление» жасайды да, қалған суреттерді слайд ретінде переход етіп жібереміз. Сосын соңынан ақ киім кигізіп, жәннатқа лестницамен шығып бара жатқан сияқты қол бұлғатып жібереміз. Өте әдемі шығады. Басқа танымал адамдардың, қайтыс болған қыздардың видеосын салып қойған екенсіз, оған рұқсат, бір нәрсе керек емес пе әлеуметтік желіге салу үшін? Жоқ, сала бересіз ғой. Әлеуметтік желі болғаннан кейін тарала береді ғой. Менің айналысып жатқаныма 4 жыл болды ғой. 4 жылда, білмеймін, ешкім есігімді қағып, звондап, сөйтіп не істеген жоқ.

Креаторлар «әлеуметтік желідегі суретке рұқсат керек емес» деп ақталғанымен, заң талабы басқа. Адамның келбетін рұқсатсыз өңдеу де, жасанды интеллект арқылы жасалған бейнені желіге жүктеп, тарату да жауапкершіліктен босатпайды. Оны заңгерлер растап отыр.

АРМАН КЕНЖЕҚҰЛОВ, ЗАҢГЕР:

ҚР Азаматтық кодексінің 145-бабы бар, сіздің түріңіздің былай айтқан кезде заңы. Сіздің түріңізді қорғайтын бап. Ол кісі соны бұзады. Бұл не деген сөз? Ол жерде сізден ешқандай рұқсат алмаған не көрсету үшін не тарату үшін – ол екеуі екі бөлек рұқсат болу керек. Мысалы, сіздің суретіңізді тарату ол екінші рұқсат болып есептеледі. Екеуінің біреуі болмаса қайсының рұқсаты жоқ соны істеуге болмайды.

Заман талабына сай туындаған түйткілді дін өкілдері де назардан тыс қалдырмаған. Тіпті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы марқұмдардың суретін «тірілтуге» қатысты арнайы пәтуа да шығарған. Бұл ретте ескеретін қатаң талаптар бар.

ЕЛБЕК ТАСБОЛАТҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ШАРИҒАТ ЖӘНЕ ПӘТУА БӨЛІМІ МАМАНЫ:

Соңғы кезде жасанды интеллектінің дамуына байланысты осы марқұм болсын суреттерді тірілту үрдісі белең алған. Соған байланысты біз Дипностальгия тақырыбында пәтуа шығарған болатынбыз. Бұл жерде әртүрлі пікірлер бар екендігі рас. Бірақ дегенмен шарттарымен болса, рұқсат деген пікір алға тартылды. Шарттары алдаушылық болмау керек, мазақ ету болмау керек және туған-туысынан рұқсат сұралу керек. Адамды қайғыртуға сондай бір жаман жағдайға түсіртіп қоятын қала берді шариғатқа қайшы ұғымдар қамтылмау керек.

Қозғалыссыз бейнеге жан бітірген ЖИ-дің әлегі мұнымен бітпейді. Соңғы кезде той-томалақта тосынсый жасаймыз деп, келместің кемесіне кеткен жандардың суретін сөйлету сәнге айналды. Қуаныш пен шаттыққа бөленген ортада мұндай көріністі көрсету көпшілікті есеңгіретіп тастайтыны анық. Психологтар мұндай қадамға бар мас бұрын адамның ішкі күйін бағамдап, алдын ала дайындық жүргізу қажет екенін айтады.

ҒАЛИЯШ МАХАШОВА, ПСИХОЛОГ:

Жаңа ғана дофамин бөлініп сондай керемет күйде отырған сәтте оның біз саған тосынсый жасадық дегені, бұл тосынсыйға жатпайды. Бұл аяқастынан басқа сезімдерді оятады. Басқа оны тұңғиыққа түсіріп жіберуі мүмкін. Әрі қарайғы оның тойы ішкі сағынышы мен ішкі күйзелісі мен ішкі бір өкініштері мен сол адаммен байланысты содан шыға алмай қалуы мүмкін. Сонда сюрприз жасадым деген адамдар кейбір адамдарды, кейбір жандарды керісінше тұңғиыққа тастап жіберуі мүмкін.

Мәселе тек этикамен шектелмейді. Жалған бейне мен бөтеннің даусын қолдан жасау технологиясы бүгінде ақпараттық қауіпсіздікке де қатер төндіріп тұр. ІТ саласының мамандары да ЖИ-дің қолжетімділігі желіні фейк пен сапасыз контенттен көз аштырмайтын деңгейге жеткізгенін айтып дабыл қағуда.

РАХАТ МЕЙРАМОВ, АҚЫЛДЫ ЖҮЙЕЛЕР МЕН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ИНСТИТУТЫНЫҢ АҒА ДЕРЕКТЕР ТАЛДАУШЫСЫ:

Жалпы қазір ЖИ фейк контентін жасауды оңай етіп жіберді. Жалған мақалаларды жасау үшін үлкен команда, қаржы керек болған болса, қазір ЖИ арқасында 1 адам мыңдаған мақаланы бір күн ішінде жасай алады. Менің ойымша, бұл 2 мәселеге әкеліп отыр. Бірінші мәселе – интернетте дипфейк видеолар көбейді. Яғни белгілі бір адамның даусын алып, сол адам айтпаған сөзді айтқызу жағдайлары көбейді. Кейінгі мәселе – интернетте ақпараттық қоқыс көбейді.

Технология қанша қарыштаса да, адамгершілік шекарасы сақталуы тиіс. Нейрожеліні қолдану мәдениеті – мүмкіндік бар жерде бәрін істеу емес, қай тұста тоқтау керектігін білу. Марқұмның бейнесін рұқсатсыз «тірілтіп», сөз сөйлету – табыс пен қаралым қуудың емес, өзгенің жанын жаралаудың әрекеті. Сондықтан желіге кезекті роликті жүктемес бұрын, оның артында біреудің тағдыры мен қайғысы тұрғанын ұмытпаған абзал дейді мамандар.

← Все новости