Мазмұнға өту
· 14 қаралым

Хантағы ауылындағы «хайвай»

Түркістан облысы Хантағы ауылының тұрғындары елді мекен маңындағы жерлерін қорғаштап, шыр-пыр. Демалыс аймағының салынбауын талап еткендер ауыр техникалар осы маңдағы сирек кездесетін өсімдіктерді жермен-жексен етті деп отыр. Онымен қоса жайылым жерден айырылып, сусыз қаламыз ба деп алаңдайды.

Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылының тұрғындарының мазасы қашқанына бір айдан асқан. Себебі демалыс аймағын саламыз дегендер тау мен тасты қопарып, тал-теректерді түбімен қырып, өзен арнасын бетондап тастаған. Бұл төңіректе 153 түрлі өсімдік өседі. Тіпті Қызыл кітапқа енген гүлдер мен талдар да бар. Бірақ оған жаны ашып жатқан кәсіпкер жоқ деп ашынады.

ІЛЕС ӨТЕГЕНОВ, ХАНТАҒЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Сол экологиялық апатты жөндеудің орнына одан сайын құртып жатыр. 153 түрдің тауда өсетіні бар, сайда өсетіні бар, соның біразы жойылды. Қаншама эндемик кетті. Біз бұлармен үш рет кездесіп, бейбіт жолмен, сотқа бармай-ақ қояйық, тоқтатыңдар деп айттық.

Сондай-ақ бүтін бір ауыл Хантағы өзеннен су ішіп, малын жайып күнелтіп келген. Енді сол күндердің бәрі көзден бұлбұл ұшты деп отыр. Себебі ауыр техникалардың қалай кіріп, жұмысты бастап кеткенін де байқамай қалыпты. Аз уақыт ішінде төңіректің астан-кестеңін шығарған. Онымен қоса капсулалы жатын орындары мен моншаның сарқынын өзенге ағыза ма деп қауіптенеді.

Ең қызығы, жердің жекенің қолына өтіп кеткенін білмей қалған тұрғындар демалыс аймағын салуға қоғамдық тыңдау да өтпеді дейді.

МҰХТАР КЕРІМ, ХАНТАҒЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Экотуризммен мынау мүлде сәйкес келмейді. Бұл – кәдімгі капитальды құрылыс. Фундаментпен салынып жатқанын көріп отырсыздар. Бір кәсіпкер үшін мұнда 15-20, тіпті 50 адамға жұмыс табылар. Бірақ мұнда 7 мың халық отыр, олар мал ұстап отыр. Ауылдан қала жасаудың қажеті жоқ, бізге мұндай нәрсе керек емес, халықтың бәрі қарсы.

Жері үшін шырылдаған халық құрылыс басына жиналған соң, компания өкілдері мен шенеуніктер осы ортадан табылды. Кентау қаласынан келген атқамінерлер кәсіпкердің құжаты бар дейді. Ал істеп жатқан дүниесі өзен суына зияны жоқ деп түсіндіріп бақты. Бірақ жиналғандар оларды жылы қабылдай қойған жоқ. Жайылым жерді енді ретке келтіреміз деп отыр жауаптылар.

НҰРДӘУЛЕТ МЕДЕУОВ, КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Өзінің тиесілі мемлекеттік актісі бар, жекеменшік ретінде алған, 10 жылға жалға алған жері бар, кейін нысаналы мақсаты өзгертілген. Ауыл әкімінің берген ақпаратына сай, өздерінің арнайы чатында түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Қоғамдық тыңдау ресми түрде өткен жоқ.

ҒАЛЫМЖАН КЕНЖЕБЕК, ТІЛШІ:

Тұмса табиғаты, шүйгін шөбі мен ағып жатқан суымен мақтанатын Хантағы тұрғындары жерімізді ешкімге бермейміз деп білек сыбанып отыр. Ол үшін құзырлы органдарға хатты қарша боратамыз, демалыс аймағын салдырмаймыз дейді.

← Барлық жаңалықтар