Мазмұнға өту
· 13 қаралым

ҚазАвтожолдың қысқа дайындығы қалай?

ҚазАвтожолға 4300 техника жетпейді. Басынан дау кетпеген ұлттық компания өкілдері журналистерді жинап алып, мұңын шақты. Дәл қыстың қамына кірісерде тапшылық азабын тартып отырған көрінеді. Бұл не деген сөз? Қылышын сүйретіп келетін қыста жолдарды қалың қар басып, аршылмай қалуы мүмкін бе? Шалғайдағы ағайынмен көктемдегі көрісу күнінде бір-ақ жолықпасақ болғаны.

Ел ішінде трасса десе жасқанып қарайтын жұрттың бары анық. Өйткені ауыл-аймақ пен ағайын-туысына халық тас жолмен жетеді. Жаздың күні діттеген жеріне шаршап-шалдығып баратын қауым, қыс келсе жол ортасында, қар құрсауында қалып жатады. Қыстың қамын күз ойлаған ҚазАвтожол олқылықтардың алдын алу үшін биыл тағы да техника сатып алыпты. Алайда салаға қажетті арнайы техника әлі де жетіспейді. Ұлттық компанияның өкілі қазір қолда бар 3 мың бірлік құрал-жабдыққа қосымша тағы 4300 дана ауыр көлік қажет дейді. Дегенмен компания өкілдері бұл мәселеге салғырт қарап отырмағанын айтады.

НҰРҚАТ АҚЫЛТАЕВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰҚ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Дайындық жұмыстары толықтай жүргізіліп жатыр. Облыстарда қажетті құм, реагенттер, тұзды және қысқы техниканы дайындау жұмыстары толықтай жүргізіліп жатыр. Биыл, 2026 жылы тағы да 750 техника сатып алу жоспарланып отыр. Оның басы басталып келіп жатыр және әр өңірдің қажеттілігіне қарай бөліп беріп жатырмыз.

Дәл осындай ауыр техниканы тізгіндеп жүрген жандардың бірі — Қуаныш есімді азамат. Ол қара жолдың бойына ширек ғасырын арнаса, соның 10 жылын ұлттық компаниядағы ерен еңбекке арнап келеді. Тәжірибелі маманның айтуынша, қыс мезгілінде «жол жабылғаны» туралы ескертулерге құлақ аспай, тәуекелге бел буатын жүргізушілердің әрекеті жұмыстарын едәуір қиындата түседі екен.

ҚУАНЫШ СЕРҒАЛИЕВ, ҚАР ТАЗАЛАУ КӨЛІГІНІҢ ЖҮРГІЗУШІСІ:

Көбінесе «жол жабық» деген хабарлама келеді ғой, сонда да жеңіл көліктегілер жолға шығып кетеді. Бізге жұмыс істеуге қиын. Олар көрінбейді, боранда өздері артымыздан да келіп қалады, алдымыздан да келіп қалады.

Тағы бір айтатын дүние, компания өкілдерінің айтуынша, бұл сала да бір орында тұрған жоқ. Соңғы уақытта күрежолдағы жұмыстың тиімділігін арттыру үшін цифрлық жүйелер белсенді түрде енгізіліп жатыр. Бұл өзгерістер бұрынғыдай қағазбастылық пен әлеуметтік желі арқылы есеп беруді ысырып, барлық үдерісті автоматты түрде бақылауға мүмкіндік береді.

ИЛЬЯС МАГАФЕРЕН, «QAJ SERVIS» ЦИФРЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Қазіргі таңда «ҚазАвтожол» компаниясы күрежол бойындағы санитарлық-гигиеналық тораптар мен арнайы техникалардың жұмысын толықтай цифрлық бақылауға көшірді. Бұрын өңірлердегі жауапты мамандар мәліметтерді қағазға түсіріп, суретке басып, әлеуметтік желі арқылы жолдайтын. Енді бұл жүйе онлайн режимге ауыстырылды. Бұл өзгеріс көліктердің техникалық күйін қадағалап қана қоймай, отын шығынын нақты есептеуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, көрсетілетін қызметтің сапасын арттыруға жол ашады.

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Нардың жүгін мінген, жолдың жырын жүрген біледі. Сәл күнде ақ ұлпа жерге түсіп, қарлы боран соқса, дәл осы ауыр техникалар жолдың жұмысын реттеу үшін аттанады. Бұл сәтке ҚазАвтожол да күзден бастап қамданады екен. Қыруар қаражатқа алған көлік құралының қызығын қыста қараша халық көрсе игі.

← Барлық жаңалықтар