Мазмұнға өту
· 8 қаралым

Ауылдарды сел шайды

Түркістан облысында төпелеп жаңбыр жауып, бірнеше ауылды су алды. Қырдан аққан қара сел жолындағы қора-қопсыны, аулаларды шайып өткен. Оны көрген тұрғындар бас сауғалап, жан-жаққа тұра қашқан.

Небәрі жарты сағат жауған жаңбыр тұрғындардың көз алдында селге айналып шыға келген. Қыр жақтан келген нөпір судан, әсіресе, Қосағаш ауылы қатты зардап шеккен. Оқыс жағдай қайта күндізгі уақытта болып, адамдар қауіпсіз жерге шығып үлгеріпті. Бүлінген баспаналардың бірі — Сейітахановтар әулетінікі. Жақында ғана 15-20 миллион теңгеге жөндеу жұмысын жүргізгендер енді күздің қара суығында қайда баратындарын білмейді. 6 адам тұратын үйдің ішіне де, сыртына да су кірген, қабырғалары мен едендері зақымданған.

ТИМУР СЕЙІТАХАНОВ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына үй жарамай қалды. Малдар өлді. Қора құлап жатыр. Дүние-мүлік бәрі кетті, ештеңе қалмады.

Ауылдықтардың айтуынша, су ағып кететін арық-атыздардың барлығына қоқыс толып кеткен. Тіпті жоғарғы жағына қора соғып, тал егіп тастағанның салдарынан осылай жағдайға тап болдық деп отыр. Құбырлардың ішіндегі қоқысты айдап келіп, аулаларға жайып тастапты. Салдарынан 5 отбасыны эвакуациялапты.

ДӘУРЕНБЕК СМАНОВ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осыдан 2-3 жыл бұрын жолымызды жөндеген. Сол кезде істеп, солардың топырағы түскен бе, ойда-қырда тесік бекітіліп қалған нақты. Сайдан келген су толып, асфальт үстінен 30 см асты толық былай қарай.

ЛИЗА ЖАРҚЫНБЕКОВА, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Талабым — арық қазып берсін бізге төбеден. Тағы жаңбыр жауса, бізге келеді. Төбеден арық қазсын. Канал қазып, анау ауыл етегімен тастаққа түсіп кететін қылсын.

20 шақты ауланы, бірнеше үйді су басқан ауылда бүгін жұмыс қызу жүріп жатыр. Жауаптылардың сөзінше, түрлі мекемелерден 200-250 адам жұмылдырылып, су кірген аулаларды тазалап, қоқыстарды шығарып әлек. Ал аудандық жауаптылар зардап шеккендердің дүние-мүлкін актілеп, демеушілер есебінен көмек беруге жұмыс істейміз дейді.

НҰРСҰЛТАН МЕДЕУОВ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Енді төтенше жағдай жарияланған жағдайда ғана заңға сәйкес біз көмек көрсетеміз. Бірақ мұндай шығынға жарияланған жоқ. Бұған да демеушілер тарта отырып, ауданнан да жәрдем беретін боламыз.

ҒАЛЫМЖАН КЕНЖЕБЕК, ТІЛШІ:

Нөсердің салдарынан үйі мен қора-қопсығын шайып кеткен тұрғындар жыларман күйде көмек сұрайды. Енді олар айдың-күннің аманында қазаны оттан түспесе екен деп тілейді.

← Барлық жаңалықтар