Мазмұнға өту
· 12 қаралым

Әлияның тойын күткен көше

Ақтөбеде бір көше бар. Оның тұрғындары күнтізбедегі әр атаулы күнді дәмеленіп күтеді. Өйткені атқарушы билік ауыл ішіндегі жолды белгілі бір мерейтойлар қарсаңында жасап береміз деген екен. Әуелі Жеңістің 70 жылдығына орайластырады. Бірақ сол күйі жасалмапты. Содан Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойын тағатсыздана тағы күттік дейді. Өйткені көшеге батыр қыздың аты берілген. Бірақ ол мерейтой да өтті де кетті. Енді қарақұрым халық алда қандай мереке бар еді деп отыр.

Облыста Әлияның есімімен аталатын біраз көше бар. Соның бірі — Ақтөбенің іргесіндегі Қурайлы ауылында. Өзі соншалықты ұзын да емес, бір шақырымға жетер-жетпес жол. Осы көшеге асфальт төсеу мәселесі 2014 жылы көтерілген. Мұны бізге сол кезде ауылдық әкімдікте қызмет еткен Шәрбану апай да растады. Тіпті зейнеткерлікке кетіп бара жатып, құжатын да өзі реттепті.

ШӘРБАНУ АСАНОВА, ҚУРАЙЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

2014 жылы құжаттарды мен дайындап, онда ЖКХ-ға тапсырдым, онда учредитель болды. Сонда бізге жауап келді: жобалық-сметалық құжаты дайын, осы көшелерді асфальттауға. Сосын осы екі көшені асфальттаймыз деп. Бірақ уже 11 жыл болды ғой…

Жолдың жайын жүрген біледі. Ал бұл көшенің жаңбыр жауса қалай балшыққа батып, аптапта көк шаң болатыны осы көшенің тұрғындарына жақсы таныс.

ДИАНА ЕРМАҒАМБЕТОВА, ҚУРАЙЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Егер де жаңбыр жауса, мына жолды өту мүмкін емес. Аяғымыздағы балшықты көрсеңіз ғой. Егер де жаңбыр жаумаса, көк шаң далада. Терезе аша алмаймыз, жер үйде тұрып, жуған кірімізді жая алмаймыз.

Қаламен екі ортаға қатынайтын автобус та осы көшемен жүреді. Қиқа-сиқа жол жүргізушілердің де діңкесін құртқанға ұқсайды.

АМАНДЫҚ ЮСУПОВ, АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІСІ:

Жаңбыр жауған кезде езіліп кетеді мынау. Автобустарға жол жүру қиындайды. Ал құрғақ күні шаңдатады. Жолды істеп берсе жақсы болар еді негізі.

Жылда-жылда әкімдікке арызданып шаршаған жұрт бүгін шенділерді шаңы аспанға көтеріліп жатқан көшелеріне тағы шақырды. 11 жыл бұрынғы құжаттарды қайта көтеріп, шешімін қарастыруды сұрады.

ЕСЕТ КЕНЖЕБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

Кезінде аталған көшеге жоба жасалған, дегенмен қаржыландыру бөлінбеген құрылыс жұмыстарына белгілі себептермен. Бірақ қазіргі таңда жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жоба дайындау жоспарлап отырмыз. Бұл енді кезең-кезеңімен асырылатын жобалар, барлығын бірдей қамти алмаймыз.

Қурайлының өзін тұрғындар төменгі және жоғары деп бөледі. Ал Әлия Молдағұлова көшесіне асфальт төсесе, сол екі ауданды жалғайтын негізгі жолға айналмақшы.

← Барлық жаңалықтар