Ипотека тек көпқабатты үйлердегі пәтерлерге қатысты емес. Жер алып, оған баспана салуға да несие рәсімдеуге болады. 50/50 деп аталатын бағдарламаны бұқараның көбі білмейді. Жартысын жинап берсең, банк тиімді пайызбен пәтер де, жер де алуға ақша бөледі. Қандай құжат керек? Талаптары таудай емес пе?
РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:
Баспана аламын деп жиған-терген қаражатыңыз пәтер құнының 50 пайызына жетсе, онда алғашқы немесе екінші нарықтан үй сатып алуға мүмкіндігіңіз бар. Бұдан бөлек, арманыңыздағы жер үйді өз қолыңызбен салу үшін де несие рәсімдеуге болады. Басты талап — баспана бағасының жартысын жинау. Ел арасында 50/50 деп аталып кеткен бұл бағдарламаның қыр-сырын банк өкілінен сұрадық.
МАРХАБАТ СЫНАСАПОВА, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ PR МЕНЕДЖЕРІ:
50/50 бағдарламасы бойынша алғашқы нарықтан және қайталама нарықтағы пәтерлерді сатып алу мүмкіндігі бар. Жылдық сыйақысы — 8,5 пайыз. Ол 8,5 пайыз барлық несие мерзімі толық аяқталғанға дейін төленбейді. Тұрғын үй заемына ауыстырылғандықтан, 5-3,5 пайызға дейін несиенің төмендеу мүмкіндігі қарастырылған.
Енді банк есебіне көз жүгіртсек. Мәселен, сіз 30 миллион теңгеге пәтер таңдап, оның тең жартысын, яғни 15 миллион теңгені депозитке бірден салсаңыз, алғашқы кезеңде несие 8,5 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Бастапқыда ай сайынғы төлем шамамен 241 мың теңге болады. Аралық заем бойынша артық төлем 6,2 миллион теңгеден асады. Ал депозитіңіздің жинақталу мерзіміне қарай 3 жылдан кейін несие арзандап, төмендетілген 5 пайыздық тұрғын үй заемына өтесіз. Бұл кезеңде айлық төлем бірден 200 мың теңгеге дейін азаяды. Осылайша, жалпы 9,5 жылда барлық артық төлем 8,8 миллион теңгені құрайды. Жалпы 200 млн теңге қарызды 6 айдан 25 жылға дейін алуға болады. Сондай-ақ бұл бағдарламамен дайын пәтер алып қана қоймай, өз қалауыңызша жер үй тұрғызуға да несие рәсімдеуге болады.
ГҮЛНАРА ШОЙБЕКОВА, БАНК МЕНЕДЖЕРІ:
Біз тек жеке жер телімін сатып алуға несие бермейміз. Жер телімін сатып алу міндетті түрде жеке тұрғын үй салу мақсаты аясында қарастырылады. Сондай-ақ тұрғын үй салуға берілген несиенің мақсатты тағайындалу мерзімі бар. Заемшы займ берілген уақыттан бастап 24 ай уақыт аралығында үй салып біткендігі жайлы құжаттарды банкке өткізуі қажет.
Банк өкілінің сөзінше, тек бос жер телімінің өзі несие алуға жеткіліксіз. Себебі банк оны құрылыс басталғанға дейін кепілге қабылдамайды. Сол себепті үй салынғанша қаржы ұйымына өзіңіздің немесе жақындарыңыздың дайын баспанасын қосымша кепілдікке қоюыңыз қажет. Бұдан бөлек, несие алған күннен бастап тура 24 ай, яғни 2 жыл ішінде жерге үйді тұрғызып, оған кеткен барлық шығынды және тиісті есеп-қисапты банкке өткізуіңіз тиіс. Егер белгіленген 2 жыл ішінде құжатты тапсырмасаңыз, айыппұл салынады.
САМАЛ ӘЛІШЕВА, ҚАРЖЫЛЫҚ САРАПШЫ:
Негізі осыған дейін 3 жыл бұрын әйтеуір бір баспаналы болсам деген арман болатын көбісінде. Қандай үй болса да, Астанадан бір баспана алсам болды деп. Ал қазір адамдардың санасы мүлдем өзгерген. Көбісі екінші нарықтағы үйлерді менсінбейді. Алғысы келмейді. Біреуден қалған үйде тұрғысы келмейді. Бәрі жаңа үй алсам екен, өзім әрлеу жұмыстарын жасасам екен деп адамдардың сұранысы өзгерген.
Әрине, бүгінгі нарықта баспана құнының 50 пайызын бірден жинау оңай емес, біраз уақыт пен ізденісті талап етеді. Дегенмен арманыңыздағы пәтердің бастапқы жарнасын көп жинасаңыз, банктің жылдық үстемақысы соғұрлым аз болатынын естен шығармаған жөн.