Мазмұнға өту
· 37 қаралым

Аюлар қаланың ішінде жүр

Күтпеген қонақ үй иесін шошытты. Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында аюлар аулаға кіріп, емін-еркін тайраңдайтын болған. Ел-жұрт шырт ұйқыда жатқанда, қонжықтарын ертіп көшені кезген жыртқыштар таспаға түсіп қалды. Бұл оқиға кеше түнде болған. Жер үйдің аумағына баса-көктеп кірген хайуандар көршісінің объективіне ілінген. Бейнежазбада қос қонжығын ілестірген аю иттерден қашып, бой тасалағандай көрінеді. Алайда бірер сәттен соң тұрғындар түз тағысын қаланың қақ ортасынан көріп, дабыл қаққан. Noks.kz порталының хабарлауынша, қазір облыстық орман және аңшылық шаруашылығының жедел әрекет ету жасағы жағдайды бақылауға алған. Инспекторлар жануарларды үркіту арқылы қала аумағынан тысқары жерге қуып шығуды жоспарлап отырғанға ұқсайды.

← Барлық жаңалықтар