Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу қиындап кетіпті. Астананың адамдары теориялық емтихан тапсыру үшін Көкшетау мен Қарағандыға сабылып жүр. Өйткені білдей бір бас қаланың халыққа қызмет көрсету орталығында орын жоқ. Онлайн кезегі айына бір келетін, тіркелу жүйесі істен шыға беретін мекемеге қарашаның өкпесі қара қазандай. Тұрғындарды титықтатқан мәселе қашан шешіледі?
Айнагүл Жаманбайдың жаңа көлік алғанына жарты жылдан асқан. Алайда темір тұлпарын тізгіндей алмай пұшайман хәлде. Өйткені жүргізуші куәлігін алу мұң. Теориялық емтихан тапсырудың өзіне айлап жүреді. Өйткені онлайн кезектің машақаты көп екен. Біресе жүйе қатып, уақыт алады, енді бірде тест тапсырушылардың саны толып қалады.
АЙНАГҮЛ ЖАМАНБАЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
ЦОН приложениесі бронь ашылды дегеннен бастап барлығына хабарлама келеді де, жаңағыдай істемей қалады. Кіресің, кодты күтесің. Код келмейді. Қайтадан код жібересің. Ол коды жарамсыз болады. Сол кодты күтеміз деп біздің уақытымыз кетеді. Астана қаласында тапсыра алмаған адамдар орын болмай қалса, Көкшетау және Қарағанды қалаларына барады. Ол бір жағынан қалтаға үлкен қаражат.
Бұл мәселе әсіресе Астана, Алматы мен Шымкент шаһарларында өршіп тұр. Күте-күте күдері үзілген жұрттың назы Құрылтай депутаттарына да жетті. Халық қалаулылары орталықтардағы жұмыс уақытын кешкі сегізге дейін ұзартуды ұсынды. Сондай-ақ кезектер сатылып кетпес үшін емтиханға жазылуды тек eGov және eGov Mobile арқылы ғана жүзеге асыру керегін жеткізді.
МЕЙРАШ ШЫНАСЫЛОВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Арнайы ХҚКО-ларда емтиханды күту мерзімі кейде 6 айға дейін созылады, ал бос орындар лезде таусылып қалады. Жазылу тетігі мөлдір емес. Қай орынның кімге және қалай берілгені белгісіз. Тапшылық пен ашықтық жоқ жерде ақылы делдалдар пайда болмай қоймайды. Теориялық емтихан бойынша кезекті азайту үшін мамандандырылған ХҚКО-ның жұмыс уақытын ұзарту және қосымша емтихан өткізу орындарын ұйымдастыру мәселесін қарастырған жөн.
Ал мәселеге басымен жауапты мекемелер тілшілерден тайсақтап, тірілей тілдесуден ат-тонын ала қашты. 3 апта сарылтып, баспасөз хатшылары жалынтып, ақыры eOtinish арқылы жауап берді. Сондағы айтқаны — биыл емтихан тапсыруға сұраныс екі есеге артып, 600 мың адамға жетіпті. Сондай-ақ жаңа брондау модуліне көшуді қарастырып жатыр екен. Онда емтиханға жазылудан бас тарту немесе басқа күнге ауыстыру мүмкіндігі берілмек.
«АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ҮКІМЕТ» МЕМЛЕКЕТТІК КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ РЕСМИ ЖАУАБЫНАН:
Кезекті қысқарту мақсатында 2026 жылдың шілде айынан бастап жүктемесі жоғары өңірлердегі мамандандырылған ХҚКО-лардың емтихан сыныптарында қосымша 86 автоматтандырылған жұмыс орны жабдықталып, теориялық емтихан қабылдау мүмкіндігі арттырылды. Практикалық емтихан кезегіне жол-көлік оқиғалары салдарынан көліктердің уақытша пайдаланудан шығарылуы да әсер етеді. 2026 жылдың басынан 18 қыркүйекке дейін мамандандырылған ХҚКО автодромдарында 99 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Апаттың жиілегені автомектептердегі сабақтардың сапасыздығы дейді жауаптылар. Оқыған кейіп танытып, теориядан тілдей құжатын алғанымен, көбінің практикалық дайындығы ақсап тұр. Өйткені бұл салада теңгесін төлесең, тірлігіңді тындырамыз дейтіндер көп. Мұны министрлікте мойындап отыр.
ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ХАБАРЛАМАСЫНАН:
Мониторинг барысында Instagram, TikTok, Telegram және Threads желілерінде жүргізуші куәлігін жедел әрі жеңілдетілген жолмен алуға көмектесетін қызметтерді ұсынған аккаунттар мен сайттар анықталды. Осыған байланысты аталған аккаунттар мен сайттарды бұғаттап, жою бойынша шара қабылдау үшін материалдар Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданды.
Бұрынғыдай бармақ басты, көз қыстымен куәлік алсақ, 99 жол-көлік оқиғасы автодромда емес, тас жолда тіркелер еді. Сол себепті салаға жауаптылар салғырттық танытпауы тиіс.