Қарағанды облысында өзге елдің нөмірімен жүрген жүргізуші жазаланды. Ол көлік айдау құқығынан айырылып, қамауға алынды. Басы дауға қалған жігіт «Астана-Қарағанды» тас жолында ұсталған. Патрульдік полиция қызметкерлеріне жүк машинасының жалған нөмірмен келе жатқаны туралы хабарлама түсіпті. Осакаровка ауылы маңында тәртіп сақшылары DAF көлігін тоқтатып, тексеру жүргізген. Анықталғанындай, Қазақстанның мемлекеттік нөмірінің үстіне Грузияныкін тағып алыпты. Сот шешімімен 35 жастағы тізгінші бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері Қарағанды облысында өзге елдің нөмірін пайдаланған 87 жүргізуші ұсталған.