Алматы облысында тізгінге ие бола алмаған жүргізуші бірнеше көлікті соғып, жол шетіндегі балаларды қағып кетті. Жантүршігерлік оқиға Алматы іргесіндегі Көксай ауылында болған. Бейнежазбадан көлік иесінің бірнеше машинамен соқтығысып, жол бойындағы жасөспірімдерді қағып өткенін көруге болады. Салдарынан екі жасөспірім де зардап шегіп, түрлі жарақат алыпты. Ал облыстық полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.
ЕРНАР САЙДИЛЬДИН, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғады. Тергеу аясында қажетті бастапқы процестік іс-шаралар жүргізілді. Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайларын толық, жан-жақты және объективті анықтауға, сондай-ақ заң талаптарына сәйкес түпкілікті процестік шешім қабылдауға бағытталған барлық қажетті шаралар қабылдануда.