Мазмұнға өту
· 9 қаралым

Жасөспірімді пышақтағандардың ісі сотқа жетті

Алматыда жасөспірімді пышақтап өлтіргендердің ісі сотқа жетті. 5 айдан аса тергелген іс бойынша алты адам жауап беруде. Басты күдіктіге адам өлтіру бабы бойынша айып тағылса, қалғандары тонау және бұзақылық бабы бойынша айыпталуда. Ал жәбірленуші тарап адам өлтірген тұлғаға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрауда.

Алдын ала тыңдалым 2 сағатқа кешігіп басталды. Сот алдында 6 адам жауап беруде. Оларға Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылыпты. Айыптау актісінде сотталушылар пышақпен қорқыту, үркіту арқылы тонаумен айналысып келіпті. 29 сәуір күні компьютер клубына келіп, Дінмұхамед Есенгелдімен ерегескен. Сыртқа шығып сөйлесу барысында жанжал шығып, оның соңы пышақтаумен аяқталған. Прокурордың айтуынша, басты күдікті қылмысты қасақана жасаған екен.

МЕЙІРЖАН БАЙМЫРЗАЕВ, МЕМЛЕКЕТТІК АЙЫПТАУШЫ:

Тергеумен анықталмаған пышақпен кәмелет жасына толмаған Есенгелдінің сол жақ кеуде тұсынан 1-2 соққы жасаған. Екі тараптан келген азаматтар ары қарай төбелесуді жалғастырып, Дәуренов сол жерде тұрған Сарманбетке өзінің қолында тұрған тергеумен анықталмаған пышақпен соққы жасаған. Алайда соққысы тимеген. Сол жерде жүрген Сарманбет Дәуреновтың оң жақ кеуде тұсынан бір соққы жасап, дене жарақаттарын келтірген.

Жәбірленуші тарап марқұмның денесінің сау тамтығын қалдырмады дейді. Бірнеше жерінен сұғылған пышақ өміріне қауіп төндіретін ағзаларын зақымдаған. Дінмұхамед алған жарақатынан көз жұмған. Жақындары сотталушыларға кешірім бермейміз, басты күдікті өмір бойына сотталсын деп отыр.

АЙДАНА ЕСЕНГЕЛДІ, МАРҚҰМНЫҢ ӘПКЕСІ:

Менің інім жеңіл жарақаттанбаған. Өте ауыр жарақаттанған. Жүрек тамырларының барлығы кесілген. Бүйрек, бауыр, яғни адамға керекті өмірлік маңызды органдардың барлығы зақымданған. Одан бөлек денесінде пышақтан бөлек ауыр-ауыр пышақты сермеген, кесілгендері бар.

Жәбірленуші тараптың адвокаты екі бірдей қылмыстық істі біріктіруді сұрайды. Өйткені қылмыс болған күні екі бірдей жасөспірім көз жұмған. Қазір екі қылмыстық іс екі бөлек тергелуде. Сотталушылардың кейбірі қылмыс жасаған сәтте кәмелет жасына толмаған екен. Олардың біреуі тонау әрекеті үшін үйқамақта болған. Алайда 30 сәуір күні түн ортасында ол кезекті қылмыс жасауға барыпты.

МЕЙІРМАН ШЕКЕЕВ, ҚОРҒАУШЫ:

Көрнеу кәмелет жасына толмаған балаға адам өлтіру фактісі бойынша. Ол бап бойынша 15 жылдан 20 жылға дейін не өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Қалғандарына 191-баптың екінші бөлігі мен 1/3 тармақтары, яғни тонау және 293-баптың 3-бөлігі, қару қолдана отырып, бұзақылық жасау айыптары тағылып отыр.

Естеріңізге сала кетсек, қанды қылмыс сәуірдің 29-ынан 30-ына қараған түні болған. Жұмысқа кеткен Дінмұхамед Есенгелді үйіне оралмаған. Түн ортасында полициядан хабарласып, оның кісі қолынан қаза тапқанын жеткізген. Оқиға Алатау ауданындағы компьютер клубының жанында болған. Алдын ала сот отырысында тараптардың өтініші тыңдалып, сот жабық түрде өтетін болды. Басты сот процесі 23 қазанға белгіленді. Бірақ оған БАҚ өкілдері кіргізілмейді.

← Барлық жаңалықтар