Ақтөбеліктер үшін сүйінші жаңалық. Қалалықтар ауыз судан тарықпайтын күн жақын. Өңірді тіршілік нәрімен қамтуға бағытталған ірі жобалар қолға алыныпты. Ол үшін қазынадан миллиардтар бөлінген.
АҚБАЯН СҰЛТАНМҰРАТОВА, ТІЛШІ:
600 мыңнан астам тұрғыны бар Ақтөбе ауыз суды осы Құндақтықыр бекетінен алып ішіп отыр. Бұл бекет 1987 жылы пайдалануға берілген. Бастапқыда бұл жерде 21 ұңғыма болса, жылдар өте келе оның жетеуі ескірген. Ал Ақтөбенің аумағы үлкейіп келеді. Қазір шаһардан бөлек, айналасында 54 тұрғын үй алабы бар. Сондықтан Ақтөбе ауыз суды көп тұтынады.
Құндақтықырдағы тот басып, тозығы жеткен ұңғымаларды қайта бұрғылап жатыр. Нысан басында жұмыс қызу. Жоба бойынша істен шыққандарының орнына жаңасын қазып, құбырларды да қайта тартып, пайдалануға береді. Су жаңа жеті ұңғымаға мамандардың артып отырған үміті зор. Оны іске қосқанда қалаға берілетін су көлемі де артады әрі станция жұмысын тұрақтандыруға мүмкіндік береді дейді.
ЕРНИЯЗ УДРЕЕВ, МЕРДІГЕР КОМПАНИЯНЫҢ БАСШЫСЫ:
Бес ұңғыманың қоршауларын бітіріп қалдық. Екі ұңғыманы қазып жатырмыз. Жылдың аяғына дейін барлығын бітіреміз.
ДАНИЯР АЗАМАТ, «AQTOBE SU-ENERGY GROUP» АҚ БАС ИНЖЕНЕРІ:
Бұрғылау жұмыстары, сосын ұңғымадан су құбырына дейін құбырларды жаңарту жұмыстары атқарылып жатыр. Сарыбұлақ пен Моисеевкадан 70 мың текше метр су қорын алу үшін қазір жұмыстар басталды. Моисеевкада да биыл басталғалы жатыр.
Ақтөбеліктер тәулігіне 80 мың текше метр су тұтынады. Ал жаздың аптап күндері бұл көрсеткіш тіпті 120 мың текше метрден асып жығылады екен. Ал қайта жөнделген ұңғымалардың қауқары тәулігіне тағы қосымша 12 мың текше метр су жеткізуге жетеді.
АЗАМАТ БЕКЕТ, ҚАЛА ӘКІМІ:
«Ұлттық энергетика және коммуналдық шаруашылықты жаңғырту жобасы» аясында 7 ұңғыманы қазу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар іске асқаннан кейін сағатына 525 текше метрге дейін су көлемі көбейетін болады. Және қала үшін өте маңызды жоба. Құны 1 млрд 122 млн теңгені құрайды.
Бұл жұмыстардың бәріне «Қазақстанның энергетика және коммуналдық шаруашылық салаларын жаңғырту» жобасы сеп болды. Ұлттық жобаның әу баста көздегені де ел ішінде тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымды түбегейлі жаңартып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыру еді. Бұдан бөлек, аймақта Сарыбұлақ жерасты сулары кен орнынан су құбыры салынады. Оған Үкімет 5 млрд теңге бөлді. Жоба аясында 20 артезиан ұңғымасы бұрғыланады. Сарыбұлақтың мүмкіндігі өңірді алдағы 30 жыл бойы сумен қамтуға жетеді.