Алматыда велосипед айдаймын десеңіз, әуеде қалықтап ұша алатын қасиетіңіз болғаны жөн. Себебі алдыңыздан кез келген уақытта алып ағаштар шыға келіп, майып болуыңыз мүмкін. Веложолақтың қақ ортасында электр бағаналары тұрса да таңғалмаңыз. Тіпті аяқ астынан жол үзіліп қалып, 40-50 метрден кейін қайта жалғасатын жерлер де бар. Ақырын ғана педальді айналдырудың өзі өміріңізге қауіпті экстремалды спорт болып кете салады.
ҰЛАН ТӘЛІПБАЙ, ТІЛШІ:
Мына жолмен жүру үшін кез келген адам каскадер болуы керек сияқты. Ағаштан айналып өтсең, алдыңнан электр бағаны кездеседі. Ал мына зағип жандарға арналған жолда дәл ортасында ағаш тұр. Басын соғып алуы мүмкін. Ал одан өткен кезде жол солға қарай бұрылады. Бұрылған сәтте сені заулап келген велосипедші қағып кетуі мүмкін.
Розыбакиев көшесінің бойындағы абаттандыру жұмыстарына қала тұрғындарының көңілі толмауда. Жасыратыны жоқ, жаяу жүргіншілер жолымен қатар велосипедшілерге де жолақ салынған. Енді шабандоздар иін тірескен көліктермен жағаласпай, өз жолымен жүреді. Бірақ кедергілер жетерлік. Ағаштарды айналып өтсең, алдыңнан не бетон, не темір баған кездеседі. Енді велосипедшілер арасында соғылатындар жиілеуі ғажап емес.
ЕРТАЙ АЗАТХАН, ШАБАНДОЗ:
Былай қарай жолдан түсіп келе жатқанда онсыз да бұл ағаштар сәл кедергі жасайтыны шындық. Әсіресе қарама-қарсы жолдан велосипед шығатын болса, соғысып қалу қаупі бар. Сондықтан ағашты алып тастаған, меніңше, дұрысырақ деп ойлаймын. Онсыз да ағаштар мына жақта.
ДАНИЕЛЬ ФЕДЯЕВ, ШАБАНДОЗ:
Міне, велосипедшілерге арнап жол жасаған. Бірақ қай жерімен ойлағанын білмеймін. Алдыңда ағаштар қаптап тұр, жүрудің өзі қиын. Оларды қалай айналып өтуді білмеймін. Сәл жолға қарай жылжытса болар еді.
Жоба бойынша барлығы жақсы. Бірақ нақты жұмыстарға келгенде біршама өзгеріске ұшырапты. Велосипедшілер жолы аяқ астынан үзіліп қалып, 40-50 метрден кейін қайта жалғасады. Мердігер мекеменің өкілдері жобаға өзгеріс болуы мүмкін деп қалды. Ал тапсырыс берген қаланың қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы жаяу жүргіншілердің қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында тротуарды қалдырыпты. Өзгеріссіз қалады. Ал ағаштар да кесілмейді. Қысқасы, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай жүруіңізге тура келеді.
ДИАС РАХМАТУЛЛАЕВ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕНІҢ ӨКІЛІ:
Аталған веложолақты салу кезінде дәмхананың жақын орналасуына байланысты жаяу жүргіншілерге басымдық берілді. Біз өз тарапымыздан осындай шешім қабылдадық. Бірақ алдағы уақытта өзгерістер болуы мүмкін.
Жалпы көріктендіру жұмыстарына бұл қалалықтардың алғашқы шағымы емес. Осыған дейін Есентай өзенінің бойындағы қоршауға қатысты жұртшылық наразылық білдірген еді. Өйткені тротуар төселгеннен кейін қоршауы екі ортада қалып қойған. Балалар мен егде жастағы кісілердің қауіпсіздігіне алаңдаған қалалықтар қоршауды ауыстыруды талап еткен болатын.
ЕЛЕНА КОЗЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Есентай өзенінің жағалауын жаңғырту бұл өте тамаша. Әкімдік пен қызметкерлер барлық жұмыстарды тамаша атқарып шықты. Тротуар әдемі, бірақ қайта жаңғырту кезінде жол биіктеп, қоршау айдалада қалып қалды. Қар жауып, мұз қататын болса, неге сүйенеріңді білмейсің. Балалар да құлап кетуі мүмкін. Егде жастағы кісілер сүйенетін қоршау керек қой.
ДИНАРА НҰРМАШЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Біз әрдайым жағалауда серуендейміз. Кішкентай балалар самокат, велосипедпен жүреді. Олар құлап кетуі әбден мүмкін. Сондықтан мына жерге қосымша қоршау болмаса, қоршауды жылжыту керек сияқты.
Көп ұзамай халықтың талабы қалалық әкімдікке дейін жетіп, өзгерістер енгізілген. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекеме қоршауды дәл тротуардың жанына көшіріп берді.