Астанада төтеншеліктер үй-үйді аралап, қауіпсіздікке жіті назар аударып жүр. Өйткені қыс жақындаған сайын пеш пен газ жабдықтарын пайдалану жиілеп, қауіп те күшейе түседі. Мамандар баспаналардың жай-күйін тексеріп, мұржаларды тазартып, тұрғындарға сақтық шараларын түсіндіруде. Бұған қоса, көзге көрінбейтін, иісі білінбейтін улы газды дер кезінде анықтайтын дабыл құрылғыларын орнатып жатыр. Әсіресе көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтарға басымдық берілген, оларға тегін қойылады.
ФАРИЗА ҚАНАТҚЫЗЫ, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД САРЫАРҚА АУДАНЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНЖЕНЕРІ:
Астанада 25 мыңға жуық жеке үйлер бар. Оның арасында осал топқа жататын көпбалалы және жалғызбасты отбасыларына біз профилактика жұмысын жүргізіп жатырмыз. Профилактика жұмысы күн сайын өткізілуде. ТЖД 500-ден астам қызметкері бұған атсалысып жатыр. 200-ден астам тұрғын үйге көміртегі тұтығы мен табиғи газдың датчигі орнатылды.
Сондай-ақ мұндай профилактикалық шара Қызылордада қолға алыныпты. Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері газ құрылғыларын дұрыс қолдану тәртібін түсіндіріп, бейқамдықтың арты қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін екенін ескертуде. Алаңдауға да негіз бар. Өңірде жылу маусымы басталмай жатып-ақ уланудың екі дерегі тіркелген. Сондықтан қарапайым қағидаларды естен шығармай, құрылғылардың жарамдылығын қадағалау маңызды.
ОЛЖАС ТҰРСЫНБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАЛЫҚ ТЖ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
Жүзге жуық кемшілік анықталды. Барлық анықталған кемшіліктер бойынша мамандарымыз бірден қалпына келтіру, жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырды. Мысалыға, тұрғындар арасында пешті енді ғана қосып жатқан жағдайлар бар. Бірақ тексеру барысында мұржелерінің тозғандығы және жарамсыздығы анықталды. Соны біздің мамандар анықтап, дереу қалпына келтіріп, тиісті жұмыстар жалғасуда.