Каспий тағдыры Түркіменстанда талқыланды. Теңіз деңгейінің төмендеу себептері мен оның қоршаған ортаға салдары жайлы Авазадағы саммитте сөз қозғаған Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен шаралар қабылдауды ұсынды. Ғылыми бақылауды күшейту керек деген Мемлекет басшысы еліміз тарапынан қолға алынатын жобалар жайлы баяндады. Мәселен, Қазақстан аталған теңіздің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарлама құру бастамасын ілгерілетпек.
ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:
Каспийдің бүгінгі ахуалын осы жағалаудан ғана бағалау жеткіліксіз. Теңізге 130-ға жуық өзен құяды, ал олардың су жиналу алабы 2,5 миллион шаршы шақырымнан асады. Демек, Каспийдің жағдайына теңіздің өзімен бірге тұтас өзен алабындағы өзгерістер де әсер етеді. Саммитте Мемлекет басшысы осы ортақ экожүйені сақтау мәселесін көтерді.
Каспийдің экологиялық жағдайы нашарласа, оның салдары табиғатпен шектелмейді. Теңізге тәуелді кеме қатынасы, порттар, балық шаруашылығы мен жағалаудағы елді мекендердің тіршілігі де өзгеріске ұшырайды. Президент саммитте мәселенің ауқымын нақты деректермен көрсетті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
2000 жылдан 2025 жылға дейін теңіз айдынының жалпы ауданы 16 мың шаршы шақырымнан астамға қысқарды. Кейбір жерлерде жағалау сызығы ондаған шақырымға шегінді. Каспий итбалықтарының тағдыры ерекше алаңдатады: соңғы бір ғасырда олардың саны бір миллионнан 270 мыңға дейін азайған.
Осындай өзгерістерді дер кезінде байқап, бағалау үшін Каспий маңы елдеріне ортақ ғылыми бақылау қажет. Қазақстан Президенті теңіз ресурстары, жағалау сызығы, биоалуантүрлілік пен ластану туралы деректерді біріктіретін цифрлық платформа құруды ұсынды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Спутниктік технологиялар, жасанды интеллект және заманауи болжау жүйелері экологиялық қатерлерді дер кезінде анықтап, жоюға мүмкіндік береді. Мұндай платформа ғалымдарымыздың, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың жұмысына ортақ цифрлық негіз бола алады.
Қазақстанда 2024 жылы Каспий теңізін зерттеу институты құрылды. Президент оны өңір елдерінің ғылыми орталықтарымен бірлескен зерттеулерге пайдалануды ұсынды. Табиғатты қалпына келтіру мүмкін екенін Солтүстік Арал тәжірибесі де көрсетеді: оның аумағы 36 пайызға ұлғайып, су сапасы жақсарған, балық қоры қайта көбейе бастаған. Мемлекет басшысы Каспий итбалықтарының саны азайғанын да ерекше атап өтті. Ал эколог Орынбасар Тоғжанов теңіздегі балық ресурстарының бұрынғы деңгеймен салыстырғанда едәуір кемігенін айтады.
ОРЫНБАСАР ТОҒЖАНОВ, ЭКОЛОГ:
1950 жылдарға дейін Каспийден жылына 300 мың тоннаға дейін балық ауланған. Қазір бұл көлем күрт азайды. Оның себептері туралы пікір әртүрлі: бірі су деңгейінің төмендеуін айтса, енді бірі теңіз айдынының кішіреюін атайды.
Қазақстан Каспийдің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуді қолдайды. Саммитте Тегеран конвенциясының тұрақты хатшылығын құру қажеттігі де айтылды. Мұндай тетік елдер арасындағы жұмысты үйлестіріп, қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауға мүмкіндік береді.
Каспийдің экожүйесі мемлекеттік шекарамен бөлінбейді. Сондықтан теңізді сақтау да бір елдің ғана қолынан келмейді. Авазадағы саммитте ортақ ғылыми бақылаудан бастап, келісілген іс-қимылға дейінгі қадамдар талқыланды. Ендігі міндет — ұсыныстарды нақты іске айналдыру.