Перейти к содержимому
· 3 просмотра

Таяу Шығыстан тағы тыныштық кетті

Дональд Трамп он ойланып, жүз толғанып жүргенде, Таяу Шығысты от шарпып барады. Осы аптада Иранға тағы да шабуыл жасалды. Ливандағы жағдай да мәз емес. Бұл шиеленіс жеме-жемге келгенде көп елдің экономикасының еңсесін түсіретін түрі бар. Парсы шығанағындағы шырғалаң қара алтын бағасын аспандатып жіберуі бек мүмкін. Бұлай жалғаса берсе, жаһандық дағдарыстың ауылы алыс емес.

МҰНАЙ БАРРЕЛІ 200 ДОЛЛАРҒА ЖЕТЕ МЕ?

Таяу Шығыс тағы да отқа оранды. Мамырдың 25-інен 26-сына қараған түні АҚШ Әскери-теңіз күштері Иранның оңтүстігіне тұтқиылдан соққы берді. Пентагон мұны «өзін-өзі қорғау» десе, Тегеран «әскери агрессия» деп айыптады. Бұл соққыдан жаһандық нарық бірден секем алып, Brent мұнайының баррелі 98 доллардан асып түсті. Ал Тегеран сес көрсетіп үлгерді. Әскери қолбасшы Эбрагим Зольфагари: «Вашингтон тек күштің тілін түсінеді. Мұнайдың 200 долларға шығуына дайындалыңдар!» деп мәлімдеді. Қос тарап Дохада 60 күндік бітімге келу туралы келіссөз жүргізіп жатқанда, бұл шабуыл кімге керек болды? Қара алтын бағасы шынымен шарықтай ма? Экономистер не дейді?

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:

Үш сценарий бар. Жағдай тынышталса, мұнай 80-90 доллар болады. Бұл экономика үшін тұрақтылық. Ал егер жағдай қиындаса, 120-130 долларға дейін қымбаттап, экономиканы тұралатуы мүмкін. Ал егер қақтығыс ушығып кетсе, Brent бағасы 200 долларға жетуі ғажап емес. Бұдан барлығы қорқып отыр. Егер 200 долларға кетсе, үлкен экономикалық, әлеуметтік дағдарыс болады.

Нарықтың әзірге соққыға шыдап тұрғаны – тек қолда бар қорларды тауысу есебінен ғана. Ал ол қор ертең сарқылса не болмақ? Дәл осы үрейді сейілтіп, халықаралық нарықты тыныштандыру үшін ОПЕК-ке мүше елдер өздерінің резервте тұрған 400 миллион баррель мұнайын айналымға шығару туралы бастама көтере бастады.

ДЖОЗЕФ КАПУРСО, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫ:

Мен әлі де бұған күмәнмен қараймын. Нарыққа келісімнің жақын қалғаны үнемі айтылып келеді, бірақ басты мәселе оның іс жүзінде қалай жүзеге асатындығында. Ормуз бұғазы нақты қашан ашылады? Әзірге белгісіз тұстар көп. Нарық қақтығыстың тез арада аяқталуына сенгісі келеді, өйткені соғыс созылса, жаһандық экономикаға түсетін қысымды күшейтеді. Экономика әзірге қор есебінен шыдап келді, бірақ бұл ресурстың да шегі бар.

 ЖОЙҚЫН СОҚҚЫ ЖАСАЛДЫ. ЛИВАН

Таяу Шығыста жалпы тыныштық орнамай тұр. Ливанның оңтүстігіндегі ежелгі Тир қаласы үйіндіге айналып барады. Израиль әскері бұл аймаққа әуеден жойқын соққы берді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, шабуылдан сәл алдын эвакуация туралы ескерту жасалған. Алайда халықтың қауіпсіз жерге қашып үлгеруіне уақыт тым аз болған. Екі бірдей дереккөздің мәлімдеуінше, Израиль армиясы оңтүстік Ливандағы құрлықтағы әскери операциясын кеңейтті. Олар 16 сәуірде Хезболламен жасалған бітімнен кейін бекітілген «Сары сызық» шекарасынан өтіп, Ливан аумағына ішкерілей кірген.

МҰХАММЕД ӘЛ-ШААР, ТИР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мұнда бала-шаға, әйелдер мен қарттар ғана отырған еді. Кенеттен Израиль әскерінен эвакуация туралы ескерту келді. Адамдар дүрбелеңге түсіп, қолдарына ілінгенін алып қаша бастады. Одан кейін арада жарты сағат, әрі кетсе 45 минут өткенде мына сұмдық орнады. Жағдайды өздеріңіз көріп тұрсыздар.

Хезболла да белсене бастады. Олар Ливанның оңтүстігіндегі Заутар әл-Шаркия қаласына қарай жылжып бара жатқан Израиль күштеріне соққы бергенін хабарлады. Бұған жауап ретінде Израиль Ливанның бірнеше қаласын атқылады. Сәуірдегі келісім күлге ұшып, Таяу Шығыстағы жағдай сағат санап ушығып барады.

ХАМАС ҚОЛБАСШЫСЫНЫҢ КӨЗІ ЖОЙЫЛДЫ. ГАЗА СЕКТОРЫ

Газа секторында кезекті дүрбелең. Бүгін палестиналықтар Хамастың әскери қанатының жаңа қолбасшысы Мұхаммед Одехты соңғы сапарға шығарып салды. Израиль тарапы сейсенбі күнгі арнайы операция кезінде оның жойылғанын ресми мәлімдеді. Әуе соққысынан оның әйелі мен ұлы да қаза тапқан. Беньямин Нетаньяхудың айтуынша, Одех 2023 жылғы 7 қазандағы Израильге жасалған шабуылдың барлау қызметін басқарған. Ең сорақысы, ол осыдан бір апта бұрын ғана, дәлірек айтсақ, 15 мамырда қаза тапқан алдыңғы басшы Ізз әд-Дин әл-Хаддадтың орнына тағайындалған еді.

ӘБУ ӘЛ-АБД ОДЕХ, МАРҚҰМНЫҢ ТУЫСЫ:

Израиль басқыншылары қанша адамды өлтірсе де, бұл күрес тоқтамайды. Әбу Амердің қазасымен бәрі біте салмайды. Егер бұл қозғалыс тоқтайтын болса, Әбу Халед, Мұхаммед Синвар немесе Әбу Сухаиб өлгенде-ақ тоқтар еді. Палестина халқының азаттық жолындағы күресі ешқашан бәсеңдемейді.

Дереккөздердің хабарлауынша, Одех Хамастың әскери кеңесіндегі көзі тірі соңғы жоғары шенді жетекшілердің бірі болған. Қазіргі уақытта Израиль мен Хамас арасындағы жанама келіссөздер тағы да тығырыққа тірелді. Тараптар анклавты қарусыздандыру мен әскерді шығару мәселесінде келісе алар емес. Қазан айындағы уақытша бітімнен кейін Газа аумағының жартысынан астамы толықтай Израиль армиясының бақылауына өткен.

← Все новости