Перейти к содержимому
· 7 просмотров

Тұрғын үй нарығы тұралап тұр

Зейнетақы қорындағы жинақты шешіп алудың шегі жоғарылаған сайын, жұрттың үйлі боламын деген үміті үзілуге шақ. Онсыз да қаражат жағы қинап, нарықтағы баға ойнап тұрғанда, баспана саудасы тұралайды. Саладағы стагнацияға бірнеше себеп бар. Жылдар бойы үй аламын деп жинағаны алғашқы жарнаға жетсе де, пәтерлердің құны аспандап, ағайынның көңілін су сепкендей басып жатқаны анық. «Өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп аяқты созып жататын қонысты кім армандамасын? Бірақ жиырма жылға созылатын ипотекадан ойы сан-саққа жүгіріп, қарыз қамытын киіп, дымсыз қалмаймын ба деген үрей бойын билегендердің қатары артқанға ұқсайды.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Баспана – бағасы масқара. Үйдің қолжетімсіз болуының үш негізгі себебі бар. Біріншісі – құрылысты қымбаттатқан 11 пайыздық инфляция. Екіншісі – Ұлттық банктің 17 пайыздық базалық мөлшерлемесі. Соның кесірінен банктер халықтың ипотекасы мен құрылысшылардың несиесін шарықтатып жіберді. Бұған 12-16 пайыздық қосымша құн салығын қосыңыз. Осының бәрі бірігіп, жаңа үй алуды қарапайым халық үшін арманға айналдырды.

Әділет Сапановтың да Астанада қалу, баспана алу – басты арманы. 4 жыл бойы тірнектеп жинағанымен тұрғын үйдің бағасы ұстатар емес. Ал ипотекалық бағдарламалар аспаннан киіз жауса да, кедейге ұлтарақ бұйырмайдының керін келтірген.

ӘДІЛЕТ САПАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Алғашқы жарнасы 20 пайыз. Алғашқы жарнасын жинап болам дегенше баға да қымбаттайды. Бір жағынан, өмір бақи сол үйдің ақшасын төлеумен өтетіндей жылға созып береді. Отбасы банк және 7-20-25 бағдарламасы бойынша барғанмын. Олар қазіргі жастарға тиімді болғанымен, олардың бір қиын жері – несие тарихына қатты мән береді.

Қаптаған кедергілерден кейін қазір тұрғын үй нарығы тұралап қалды. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда ірі мегаполистерде мәмілелердің саны 4,6 пайызға төмендеген. Ал шағын шаһарларда 30 пайыздан асып жығылады. Ұсыныс артқанымен, сұраныс қат. Мұны мамандар да мойындап отыр. Жыл басында риелторлар жұмыссыз қалып, сатып алушыға зар болған еді. Қазір де нарықтың оңалғаны шамалы.

АЙНҰР ИХЛАСОВА, РИЕЛТОР:

Қазіргі таңда қай пәтердің бағасы тиімдірек болады, сол пәтер де сатылады. Мысалы, бұрынғы аймен салыстырған кезде бір-екі айдың ішінде пәтерлер сатылатын болатын болса, қазіргі пәтерлер 2 және 4 немесе одан да көп айлардың ішінде сатылатын болып жатыр. Қазіргі таңда сатып алушылар пәтерлерді таңдап, сүйтіп алады. Бұрын сатушылардың уақыты еді, қазір сатып алушылардың уақыты деп айтсақ болады.

Жалақысы жамбас пұлдан аспайтын жұрт қазір 1-2 бөлмелі пәтерлерді жаппай сатып алып жатыр. Әйтсе де сарапшылар баспана аларда саудаласқан абзал дейді. Кезіккен пәтерді алмай, кезіп жүріп көңілге қонымдысын табуға, қалтаға тиімдісін алуға болады. Дегенмен, қолыңызда қаржы болса, созбалаңға салуға болмайды. Өйткені…

ЖАНСҰЛТАН ӨМІРЖАНҰЛЫ, ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК САРАПШЫСЫ:

Ұзақ мерзімді процесс деп айта алмаймын, себебі үлкен ірі қалаларды айтатын болсақ, Шымкент, Астана, Алматы қалаларында үй алу процесі тоқтамайды. Қазір стагнация кезеңінде болып жатырмыз, сондықтан алдағы уақытта екінші деңгейлі банктер бағдарламаларын ұсынатын болады. Сондықтан үйдің бағасы әрі қарай өседі, қазір стагнация.

Мемлекет үшін тұрғын үйдің қарыштаған құнын қағып, шарықтаған шаршы метрін шалып қадағалап отыру қиын іс. Ал Ұлттық банктің ұртына қараған екінші деңгейлі қаржы ұйымдары пайыздық мөлшерлемені төмендетпек емес. Дегенмен, құрылыс компаниялары нарықты қарық қыламыз деп пытырлатып пәтер салып жатыр. Алайда тұтынушы табылмаса, тепе-теңдік бұзылады. Ал бұдан келер қауіп тіптен қорқынышты.

ЛӘЗЗАТ НҰРҒАЛИҚЫЗЫ, ЭКОНОМИСТ:

Құрылыс компаниялары жұмыс орындарын қысқарта бастайды. Онымен қатар мердігерлік компаниялар өздерінің қарыздарын төлей алмау қабілетіне алып келеді. Себебі салынған нәрсені олар өткізе алмай жатыр деген сөз ғой. Және бір орынға жұмысшы орны азайғаны – бір орынның артында төрт-бес адам бар, бала-шағасы бар. Бұл экономикалық дағдарысқа алып келуі мүмкін.

Қаржы секторы қалт-құлт етіп жатқанда сегіз ай бойы селт етпеген Ұлттық банк бүгін алғаш рет базалық мөлшерлемені 1 пайызға төмендетті. Бұл да сұранысты жандандырып, елдің үй алуға деген үмітін оятпақ. Сөйтіп дағдарыс бұлтын сейілтіп, салада серпін болуы ықтимал. Дегенмен, Ұлттық банк төрағасы бұл үрдістің инфляциямен тығыз байланысты екенін жеткізді.

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫ:

Базалық инфляцияның төмендегенін көретін болсақ, біз мөлшерлемені түсіруге дайын екенімізді айтқанбыз. Алайда инфляцияны жеңдік деуге әлі болмайды. Қазір ол 10,4% деңгейінде, яғни әлі де жоғары. Жинақталған оң үрдістерге қарамастан, тәуекелдер әлі де бар. Сондықтан біз ешқандай нақты уәде бергіміз келмейді. Инфляция біз күткен траекториямен төмендесе ғана, тиісті шешімдер қабылдауға мүмкіндік туады.

Қайткенмен де тұрғын үйдің бағасы қарыштап болмаса да, қарыстап өсері ақиқат. Ұлттық банк алғашқы қадамды жасады. Енді бұқараға болысатын бағдарлама әзірлеу банктердің еншісінде. Дегенмен, өзгенің шарапатына сеніп шарасыз отыруға болмайды. Арманды ақиқатқа айналдыру үшін қарекет етпек керек.

← Все новости