Перейти к содержимому
· 6 просмотров

Қазынаға қомақты қаржы түспей қалды

Ел қазынасы қомақты қаражаттан қағылды. Бұған кейбір сәтсіз инвестициялық жобалар мен салық түсімдерін дұрыс болжамау себеп. Бүгін Мәжілісте бюджет қаржысын жоспарлаудағы өрескел олқылықтар ашық айтылды.

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Өткен жылдың соңында жалпы ішкі өнім көлемі 6,5 пайызға өсті деп бөркімізді аспанға атып едік. Іс жүзінде солай. Жоспардағыдан 9 трлн теңгеге асыра орындаппыз. Соған қарамастан қазынаға 335 млрд теңге қаражат түспей қалған. Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов бюджет қаржысын жоспарлаудағы олқылықтарды жіпке тізді. Мәселен, миллиардтаған қаржы тартылатын кейбір инвестициялық жобалар басталмай жатып аяқталған.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жыл ішінде республикалық бюджеттен 75 млрд теңгені құрайтын 99 жоба алынып тасталды. Аяқталуы жоспарланған 600-ден астам инвестициялық жобаның 20%-ы аяқталмаған. Тиімсіз пайдаланылған қаражат сомасы 2024 жылғы деңгейден 1,7 есеге асып түсті. Қаражат жоғары деңгейде игерілгенімен, жоспарланған нәтижелерге қол жеткізілмеуде.

Палата төрағасы бұл мәселеге салық кірісін шамадан тыс оптимистік болжау себеп болғанын атап өтті. Оны депутаттар да жоққа шығармайды. Жаңа Салық кодексі қабылданды, енді қазынаға қаржы өздігінен ағылады деп арқаны кеңге салу орынсыз. Депутат Нұртай Сабильяновтың сөзінше, бюджеттік жоспарды түзу кезінде алдымен бизнестің әлеуеті мен тыныс-тіршілігін таразылап алған абзалырақ.

НҰРТАЙ САБИЛЬЯНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Корпоративтік салықты қалай төлейді? Қосымша құн салығын қалай төлейді? Осыған талдау жасап бары, қане, оларды жоспарға енгізу керек. Яғни кәсіпкерлік субъектілері бір жылы жақсы төлеуі мүмкін. Екінші жылы несие ала алмай қалады. Немесе шығындары көбейіп кетеді. Тауарларына сұраныс болмай қалады. Немесе бизнестері жүрмей қалады. Міне мемлекет осы жағын ескеруі керек.

Былтыр экономика адымдап өсті дедік қой. Бірақ бұл бюджетке түсетін салықтар соған пара-пар артып жатыр дегенді білдірмейді, дейді Ұлттық экономика министрі. Серік Жұманғариннің қазына қаржысын қалыптастыруға қатысты өз уәжі бар. Айтуынша, мемлекет табысының қорытынды нәтижесіне энергия ресурстарының әлемдік бағасы мен ұлттық валюта бағамының долларға қатысты ауытқуы әсер ететінін де ескерген жөн.

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ, ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мысалы, 2025 жылы бюджетке ҚҚС түсімі 6,1 трлн теңгені құрады. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 18%-ға артық. Бірақ бұған қарамастан, біз бюджет жоспарын 656 миллиард теңгеге орындамадық. Себебі жоспарда ҚҚС қайтаруға 877 миллиард теңге қарастырылған, ал біз 1 трлн 354 млрд теңге қайтардық. Сол себепті де осындай проблема бар.

Қолданыстағы Бюджет кодексіне сәйкес, төменгі палата Үкіметке Парламенттің қатысуынсыз қаржы саясатына қатысты 15 пайыз шегінде түзету енгізу құқығын берген. Мәжіліс спикері мемлекеттік органдар осы мүмкіндікпен тым әуестеніп кеткенін айтып шүйлікті. Тіпті кейбір жекелеген салаларда шығыстар 59 пайызға дейін өзгертіліпті.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Әрбір бесінші инвестициялық жоба 2025 жылы аяқталмай қалған. Алайда елдің экономикалық өсіміне берік негіз қалайтын не? Ол – әрине, инфрақұрылымға, өндіріске, инновация мен адами капиталға салынған инвестиция. Ал біз осы бағыттағы даму бюджетінің тиісті деңгейде атқарылмай жатқанын көріп отырмыз. Бірінші кезекте ағымдағы мәселелерге емес, елді дамытуға арналған шығыстарға басымдық берілуге тиіс.

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Әрбір бесінші жобаның аяқсыз қалуы мемлекет қаржысының тиімсіз жұмсалуына аңғартса керек. Сондықтан алдағы уақытта Бюджет кодексінің талаптарын қатаңдатуға тура келеді, деді Мәжіліс спикері. Өйткені тірнектеп жиналған қазынаның әр тиыны нақты нәтижеге жұмыс істеуі тиіс.

← Все новости