Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 6 просмотров

Премьер облыс әкіміне қатты айтты

Сонау Алатаудың бөктерінен Арқаның төсіне арнайы келген әкімді Үкімет басшысы сөйлетпей қойды. Бұл жолы Олжас Бектеновтың сын садағына ілінген Марат Сұлтанғазиев болды. Премьер-министр Алматы облысының басшысына түтігіп, тіпті сөзін де тыңдамады.

Барлығы Асан Дарбаевтың баяндамасынан басталды. Ұлттық экономика вице-министрі Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған ұлттық жобаны жүзеге асыруда жарытып жұмыс жасамағандарды жіпке тізіп берді.

АСАН ДАРБАЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Қостанай, Ұлытау және Ақтөбе облыстары 2027 жылға арналған өтінімдер қорын қалыптастыру деңгейі өте төмен екенін көрсетуде. Жоспарланған жұмыстардан артта қалып отырған өңірлер қызыл түспен белгіленген. Олар – Шымкент қаласы, Алматы және Ұлытау облыстары.

Қарға қарғаның көзін шұқымайды дегенді жадыларына түйіп алған әкімдер әлгі баяндамадан кейін абдырап қалды. Ал премьердің түйреп өткен сөзі шенеуніктерге тұтқиылдан тиген соққыдай болды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Сонымен қатар инвестициялық жобаларды іске асыру қарқыны бәсең өңірлер де бар. Алматы облысын тыңдайық. Марат Елеусізұлы, өңірде әлі күнге дейін келісімшарттар жасалмаған. Не дейсіз?

Төтесінен қойылған сұраққа Қонаев қаласынан ат арытып жеткен әкім қызара бөрткенімен, сыртқа сыр алдырмады. Өңірде басталған 10 жобаның жартысынан көбі «Алатау жарық» компаниясының құзыретінде деп салды. Өзгесіне шаруам жоқ, өзіме қатысты жұмыстың елу пайызын атқардым деп ақталғаны сол еді.

Үкімет басы жұмысында шикілік бар шенеуніктерді осылай бір сілкіп тастап, Астанадан тапсырма алып, өңірлерге барып, созбалаңға салып жүретіндерге қатаң ескерту жасады.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Облыстардың әкімдіктеріне екі апта ішінде осы жылы іске асырылатын жобалар бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын. Өнеркәсіп және құрылыс, Энергетика, Ұлттық экономика министрліктерімен бірге барлық жоспарланған жөндеу жұмысының аяқталуын қамтамасыз етіңіздер.

Жалпы елдегі жылу және электр желілерін жаңартуға 13 трлн теңге бөлініпті. 2029 жылға дейін 70 коммуналдық кәсіпорынды қайта жөндеуден өткізбек. Сол арқылы коммуналдық желілердің тозу деңгейін 40 пайызға, ал апатты жағдайдағы нысандарды 25 пайызға дейін азайту жоспарланған. Бір қуантарлығы, инфрақұрылымды қалпына келтіруге тек отандық өнім қолданылмақ.

ЕРСАЙЫН НАҒАСПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:

Ұлттық жобаны іске асыру құрылыс материалдарына, жабдықтар мен қосалқы бөлшектерге айтарлықтай ішкі сұраныс қалыптастырып, отандық өнеркәсіпті дамытуға қосымша серпін береді. Жобаның негізгі міндеттерінің бірі – отандық өнімді дамыту. Бүгінде отандық өндірушілер ұлттық жобаның қажеттілігін кең ассортиментпен қамтамасыз етуге дайын.

Дегенмен шенділердің аяқ алысына қарап, аптап ыстықта қаталап қамыққан, жарықтан тарыққан ел қалмасын, қақаған қыста жұрт тоңбасын, құбырда апат болмасын деп тілеуден басқа амал жоқ.

← Все новости