Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 1 просмотр

Жұмыс бар, маман жетіспейді

Елде жұмыс жетеді. Миллионға жуық бос вакансия тұр. Өкінішке қарай, оның орнын толтыратын маман жоқ. Амал жоқтан шетелден қызметкерлер тартуға мәжбүрміз. Әсіресе жұмысшы мамандықтарына сұраныс әлдеқайда жоғары екен. Бүгін осы мәселе Үкімет отырысында талқыға түсті. Кадр даярлау, жастардың қызығушылығын ояту, сәйкесінше, оларға жағдай жасау мәселесі де сөз болды.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Бүгін Үкіметтің жаңарған құрамының алғашқы отырысы өтті. Премьер-министр Олжас Бектенов әр саланың жүгін арқалап келген басшыларға «жақсылап жұмыс істеп, Президенттің сенімін ақтайық» деп нақты міндет қойды. Ал бүгінгі күн тәртібінде қаралған мәселеге көшсек, ол жұмысшы мамандарын даярлау. Осы тақырыпта алғаш болып сөз алған Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова саладағы өзгерістерге тоқталды. Қарап отырсақ, жұмысшы мамандықтарына деген қолдау күшейіп келеді. Қазір колледж бітірген жастардың көбі көше кезіп, екі қолға бір күрек іздеп жүрмей, бірден еңбекке араласып жатыр екен. Стипендия көбейді, жатақхана жағдайы да бұрынғыдан тәуір. Ал ең қызығы уақыт өте келе мамандықтардың өзі заман талабына қарай сүзгіден өтуі. Мәселен, сұранысы азайған 32 мамандықты қысқарту көзделсе, еңбек нарығына керек деген 20 жаңа мамандық қатарға қосылған.

ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Мамандықтар классификаторы 20 жаңа мамандықпен толықтырылып, осы бағыттар бойынша 243 білім беру бағдарламасы әзірленді. Студенттердің кәсіби құзыреттерін кеңейту үшін микробіліктіліктер мен Minor қосымша бағдарламалары енгізілуде.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Сондай-ақ Оқу-ағарту министрі кадр тапшылығы мәселесін де жасырмады. Оның айтуынша, әсіресе құрылыс пен ауыл шаруашылығында жағдай мәз емес. Бір сөзбен айтқанда, елге ертең қажет маман мен сол кәсіпке бет бұратын жастың арасы ат шаптырым.

ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Құрылыс саласына 102 мың маман қажет болса, бұл бағытта 22 мың студент білім алып жатыр. Ауыл шаруашылығында 75 мың маманға қажеттілік бар, ал колледждерде 12 мың студент оқиды. Яғни даярланып жатқан кадр саны сұраныстан 5-7 есе аз.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Иә, кадр тапшылығының салмағы кәдімгідей сезіліп отыр. Үкімет отырысында сала басшылары бірінен соң бірі мінберге шығып, әр бағыттың өзекті мәселесін алға тартты. Бірі көлікке, бірі өндіріске, енді бірі құрылысқа қажет мамандарға мұқтаж.

НҰРЛАН САУРАНБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ:

Соңғы жылдары көлік саласының дамуына байланысты салаға 57 мыңға жуық маман қажет. Олардың ішінде машинистер, жүргізушілер, техниктер мен инженерлер, логистика мамандары, ұшқыштар мен авиадиспетчерлер, кеме капитандары және механиктерге сұраныс жоғары.

Енді осы олқылықтың орнын толтырып, білім мен еңбек нарығын қатар алып жүру жолға қойылмақ. Осы мақсатта еліміздің 11 өңірінде 13 заманауи колледж салу жоспарланып отыр. Расында, заман көшіне ілескен сайын еті тірі, ісіне мығым маманға деген сұраныс арта түседі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің де айтары осы. Асқарбек Ертаевтың сөзінше, 2035 жылға дейін өндіріс пен құрылысқа, ауыл шаруашылығы мен IT саласына миллиондаған кадр қажет болады.

АСҚАРБЕК ЕРТАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Алмастыру мен жаңа сұранысты ескере отырып, 2035 жылға дейін экономиканың кадрларға қажеттілігі 2,9 млн адамды құрайды. Оның ішінде жұмысшы мамандықтар саны 1,8 млн адам.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің дерегіне сүйенсек, қазір біраз жұмыс орындары бос тұр. Бірақ сол орынға лайықты адам табылмай, кей кәсіпорындар сырттан жұмыс күшін тартуға мәжбүр. Сәйкесінше, жыл сайын шетелден 300 мыңға жуық азамат нәпақа іздеп келеді екен. Бұған алаңдаған Олжас Бектенов елдің ырысын сыртқа шашпай, өз халқымыздың да бұған қауқары жететінін қадап айтты.

«Жұмыс жасаймын деп жүрген адамға әрдайым жұмыс табылады». «Жұмыс бар. Істеймін деген адамға жұмыс бар». «Мыңдаған адамды, мамандарды шетелден алып келуге мәжбүрміз. Осы жұмыс тоқтап қалмасын деп, солай ма?» «Солай». «Мұны халыққа дұрыстап түсіндіру қажет. Елімізде жұмыс жоқ деген сөз болмауы керек. Солай ма?» «Қабылданды».

Бес саусақ бірдей емес, әрине. Елдегі колледждердің бірі жаңарып жатса, енді бірінің тозығы жеткен. Қабырғасы сөгіліп, шатыры сыр беріп, есік-терезесі ескірген оқу орындары да баршылық. Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру нысандарының 70 пайызы қырық жыл бұрын бой көтерген екен. Сондықтан инфрақұрылымды жаңғырту мәселесі де өзекті.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Президент ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардың құрылысын бастауды тапсырды. Яғни еліміз алып құрылыс алаңына айналуға тиіс. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, осы жылдың 1 қарашасына дейін Үкіметке 2027-2030 жылдарға арналған Техникалық және кәсіптік білім берудің заманауи инфрақұрылымын дамыту бағдарламасын енгізуді тапсырамын.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Осылайша, бүгін жұмысшы мамандықтарына қатысты бірқатар өзекті мәселе көтерілді. Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты министрліктер мен әкімдіктерге нақты тапсырмаларды үйіп-төгіп берді. Ендігі жерде кадр даярлау, колледждердің мүмкіндігін арттыру және еңбек нарығына қажетті мамандарды дайындау бойынша нақты нәтиже күтетінін жеткізді. 

← Все новости