Перейти к содержимому
· 10 просмотров

Басына пакет кигізіп әкеткен

Алматының қақ ортасында жантүршігерлік жағдай. 61 жастағы тұрғынды өлтіріп, баспанасын белгісіз біреулер заңсыз иемденген. Көршілері кіріп-шығып жүрген бөгде адамдарды көргенде күдіктеніп, бейнебақылау камераларын тексеріпті. Сөйтсе, екі апта бұрын ер азаматты әлгілер мал құсатып байлап, басына қара пакет кигізіп, иығына өңгеріп, подъезден алып шыққан екен.

Мына кадрлар бейнебақылау камерасына 30 қыркүйек күні таңғы сағат бестер шамасында таспаланып қалыпты. Әуелі кешқұрым подъезге белгісіз екі адамның кіргені анық көрінеді. Одан кейін дәл солар ел-жұрт шырт ұйқыда жатқан кезде, 61 жастағы азаматты үшінші қабаттан басына пакет кигізіп, сыртқа алып кеткен. Ал көршілері болса бұл қылмыс жайлы тіпті білмепті де. Тек пошта жәшігінің кілті жоғалып қалғасын, камераны тексергенде төбе шаштары тік тұрған.

НАДЕЖДА СЫРЧОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Көршіміздің қол-аяғын байлап, басына пакет кигізіп, тура мал айдағандай алып кеткенін естігенде, денем түршікті. Осындай жағдайдың біздің үйде болғанына әлі де сене алар емеспін. Енді аулада еркін отыруға да қорқып қалдық. Олар әр подъезге емін-еркін кіріп-шығып, ешкімнен қаймықпай жүрген ғой. Осының бәрін ойласам, төбе шашым тік тұрады. Ең қорқыныштысы — пошта жәшігінің кілті жоғалмағанда, мұның бәрінен мүлде бейхабар қалар ма едік?!

Абай даңғылындағы тұрғын үй өте ескі болғанымен, нарықта құны шарықтап тұр. Көршілері қаскөйлер марқұмның кем дегенде 60 млн теңгеге бағаланатын үш бөлмелі пәтеріне қызығып, заңсыз иемденгілері келген деп санайды. Тіпті тура 4-қабат пен 3-қабаттың ортасына бейнебақылау орнатып, оның кіріп-шыққанын, немен айналысқанын талай уақыттан бері аңдығанын айтады.

ЭЛЬВИРА ИСРАИЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Ол кісі ешкіммен араласпайтын. Үйіне қонақ келмейтін, туыстары да, достары да жоқ. Өзі де көп сыртқа шықпай, тыныш қана өмір сүретін. Дүкенге немесе қоқыс тастауға шыққанда ғана анда-санда көріп қалатынмын. Өте жуас, ешкімге артық сөзі жоқ, өзімен-өзі жүретін адам еді. Сол момындығын пайдаланып, осындай сұмдыққа барған ғой енді.

Қазір көпқабатты үйдің алдында полиция өріп жүр. Куәгер іздеп, әр тұрғынның саусақ іздерін алуда. Ал марқұмның үйіне көшіп келген жаңа қожайындары шығарылып, есікті құлыптап, қағаз ілген. Әзірге қылмысқа қатысы бар төрт адам ұсталған.

ҚУАТБЕК НАУАТОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Алматыда 61 жастағы тұрғынды өлтіру ісі бойынша полиция төрт адамды ұстады. Тергеу барысында қылмыстың мән-жайы, күдіктілердің жеке басы және марқұмның пәтерін заңсыз иемденген болуы мүмкін екені анықталды. Қылмыстық істі тергеу үшін ІІМ-нің ең тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел топ құрылды.

Ал тұрғындар бұл төрт емес, іздеуі жоқ кісілерді аңдып, пәтерлерін меншіктеп алатын бір топ алаяқтың ісі екеніне сенімді.

← Все новости