Алматы облысында үш бірдей нысан ел игілігіне берілді. Соның бірі – Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылында бой көтерген заманауи емхана. Мұнда дәрігерлер бір ауысымда 250 адамға медициналық көмек көрсете алады. Жаңа мекеменің құрылысына бюджеттен 4 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініпті. Сондай-ақ осы ауылда ветеринариялық зертхана ашылды. Талдау орталығының негізгі бағыты – малдардың қауіпті жұқпалы ауруларын ерте анықтап, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін тексеру. Бұл өңірдегі ветеринариялық қауіпсіздікті нығайтып, індеттердің алдын алуға септігін тигізбек.
ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:
Ұлт саулығын жақсарту, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру Мемлекет басшымыздың басты назарында екенін білесіздер. Бұл орайда әсіресе шалғай мекендерде заманауи медицинамен қамтамасыз етудің маңызы зор. Бүгін азаматтар үшін есігін айқара ашып отырған нысан осы мәселені шешуге бағытталған.
Сондай-ақ Кеген ауданында да өндіріс өрісі кеңейді. Мұнда тәулігіне 10 тонна ет өңдеп, жеңіл дайын өнімнің 20 түрін шығаратын зауыт жұмысын бастады. Кәсіпорын жергілікті шаруалардың өнімін тиімді бағада өткізуіне жол ашып, 50-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта зауыт жанынан 5 мың басқа арналған мал бордақылау кешені бой көтереді. Бұл бастама аймақ экономикасын еселеп, ауыл тіршілігіне жаңа дем бермек.