Перейти к содержимому
· 22 просмотра

Жасөспірімдер арасындағы жанжал қайғылы аяқталды

Мың теңге үшін қиылған өмір. Қызылорданың орталық алаңында 14 жастағы ұлдың жүрегіне өзінен бір жас кіші бала бұрағыш тығып алған. Оқиға орнына жеткен «жедел жәрдем» жасөспірімді аман алып қала алмады. Марқұмның ата-анасы қайғылы жайттың алдын алып, ажалдан арашалауға болар еді деп қан жұтып отыр.

Нұрисламбек Раушанбек сол күні орталық алаңда анасымен бірге болған. Күнде кешкі мезгілде сабақтан соң жасөспірім шешесіне көмекке келіп жүріпті. Отбасы демалыс орындарында бүлдіршіндерге арналған ойыншық көлікті жалға берумен айналысқан. Басқа кәсіпкерлер осы жұмыс үшін кәмелетке толмаған балаларды жалдайтын көрінеді. Солардың бірі – 13 жастағы жеткіншек Нұрисламмен ерегісіп қалыпты, қасында 17-дегі тағы бір бала болған.

МЕРУЕРТ ТАҢАТОВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Тоғыздың кезінде конфликті болды. Баланы сол жерде «ұрам» деді. Мен «баламды ұрмаңдар, тиіспеңдерші» дедім. Сол жерде екі кәсіпкер және 2009 жылғы бала тұрды. Сол бала: «Көп болса, полицияға айтарсың, мен бірақ балаңа тиіспей қоймаймын» деді маған.

Бір сағат уақыттан кейін Меруерт өз баласын таппай қалып, іздей бастаған. Біршама уақыттан соң Нұрислам теңселіп келіп, алдына құлапты.

МЕРУЕРТ ТАҢАТОВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Бірақ отыз секундтай тұрды да балам, артқа қарай құлады сол мезетте. Мен жылдам барып едім, екі-үш қадам қалған кезде жаңағы 13 жастағы бала келді де кеудесіндегіні жұлып алды. Былай қарай кетіп қалды. – Отвертка ма? – Иә.

Марқұмның анасы ұлының дәл сол жерде не болмаса жедел жәрдемнің көлігінде көз жұмғанын білмейді. Дәрігерлер тек ауруханаға жеткен соң Нұрисламның дәм-тұзы таусылғанын айтқан. Полиция қызметкерлері болса жасөспірімнің өлімінен кейін тергеуді бастап кетіпті.

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Кәмелетке толмағанның абайсызда өліміне әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті – кәмелетке толмаған облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Қылмыстық істі тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жарияланбайды.

Нұрисламның туыстары бұған дейін де осындай кикілжіңдер көп болғанын айтады. Кәмелетке толмаған балаларды басқа кәсіпкерлер мың теңге үшін әдейілеп бізге айдап салатын еді дейді. Сол себепті құзырлы орган істі түбегейлі зерттеп, жасөспірімдермен шектелмей, кінәлілерді толық анықтауын сұрайды.

← Все новости