Перейти к содержимому
· 5 просмотров

Несие төлемі екі есе қысқаруы мүмкін

Енді кейбір азаматтардың несие төлемі екі есе қысқаруы мүмкін. Заңға сәйкес, бұл жеңілдік әлеуметтік осал санаттағы жандарға және қаржылық жағдайы күрт нашарлаған қарыз алушыларға арналған. Бірақ оның бірнеше шарты бар. Атап айтқанда, атында несиесі бар адамның соңғы екі айдағы орташа айлық табысы 1 жыл ішінде 30 пайызға төмендеген болуы керек. Сондай-ақ бұл тізімге атаулы әлеуметтік көмек алатындар ілінеді. Яғни, осы топтағы азаматтардың ай сайынғы төлемін банк 50 процентке дейін азайтуға немесе төлеу мерзімін кемінде 3 айға шегеруге міндетті.

ОЛЖАС РАМАЗАНОВ, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Бұл өзгерістер енгізілгеннен кейін банк азаматтардан комиссия немесе басқа да төлемдерді талап ете алмайды. Микроқаржы ұйымдары да ай сайынғы төлемді кемінде үш айға 50 пайызға азайтуға немесе төлемді кейінге шегеруге міндетті. Айта кету керек, мәселен, қарыз алушы жұмыссыз қалса, банк төлемді автоматты түрде кейінге шегереді дегенді білдірмейді. Ол үшін несиені төлеуші заңда көрсетілген шарттарға сай болуы керек.

Бұдан бөлек, алдағы уақытта еліміз бойынша ең ірі 11 банктің несие беру тәртібі тексерілмек. Яғни, Қаржы нарығын реттеу агенттігі кредит рәсімдеу кезінде азаматтардың табысы мен ай сайынғы қарыз төлемдерін қалай есептейтінін бақылайды. Қандай да бір талаптар бұзылса, қаржы ұйымдарына шара қолданылып, ескерту беріледі. Мұндағы басты мақсат – азаматтардың шамадан тыс берешегінің көп болуына жол бермеу.

← Все новости