АСТАНА
Зәулім үйлердің ортасында тұрып, биік ғимараттарда жұмыс істейтін елордалық ұстаздар алып мұнара жасап шықты. Кірпіштен емес, әрине, кітаптан. Педагогтер 7 мың данаға жуық оқулықты бір-бірінің үстіне мінгестіріп, үш ай уақытын сарп етіпті. Ерекше арт-нысанның мәні неде? Ұстаздар кітаптың бәрін қайдан алған? Тілшіміз Зарина Рахметова толығырақ айтып берсін.
ЗАРИНА РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:
Бұл жерден мыңдаған шығарманы, сан алуан оқиғаны, тұтас бір кітапхананы көруге болады. Бірақ кітаптар әдеттегідей сөреге жиналмаған. Олар биіктігі 6 метрлік мұнараға айналған. Астаналық ұстаздар білімнің шексіз екенін осындай ерекше туынды арқылы жеткізуді жөн көріпті.
Қаладағы №12 мектепте мыңдаған кітап осылай өзгеше өнер туындысына айналды. Бұл – осы білім ордасында еңбек ететін Жарқынәлі Бошаевтың қолынан шыққан дүние. Бұған дейін де түрлі бұйымдар жасап жүрген ұстаз бұл жолы ауқымды жобаны қолға алыпты.
ЖАРҚЫНӘЛІ БОШАЕВ, МҰҒАЛІМ:
Бастамасы қыркүйек айында басталды. Сол кезде біздің мектепке ата-аналарымыз, оқушыларымыз, ұстаздарымыз мектепке кітап әкелуді бастады. Сөйтіп 4 мыңдай кітап жиналды. Қиындықтар болды. Кітаптарды қалау, қаңқасын құраудың өзі де біраз уақыт алды. Қиыншылықтар болды. Бәрін ұжым болып атқардық.
Алып мұнараның бір ерекшелігі – оған үңілгенде шексіздік әсерін байқауға болады. Яғни еден мен ғимарат төбесіне орнатылған айналардың арқасында кітаптар бір-бірімен жалғасып жатқандай көрінеді. Ал оны құрастыру барысында қауіпсіздікке де ерекше мән беріліпті. Мұғалімдер құрылымның берік әрі ұл-қыздарға қауіп төндірмейтіндей болуын да ескердік дейді.
Қауіпсіздік шаралары қатаң сақталған. Мысалға кітапты алып, қайтадан оқып көруге де болады.
Туындыны тұрғызу мектеп үшін үлкен ортақ іске айналған. Қажетті кітаптарды жинауға мұғалімдер, оқушылар мен олардың ата-аналары да түгелдей атсалысыпты.
АЙДЫН ЖҰБАНЫШЕВ, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОҚУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен кітап оқитын ұлт идеясын қолдау мақсатында жасалған дүние. Мектеп әкімшілігі, ұжыммен ақылдаса отырып, осындай идея келді.
Оқу ошағының үлкен залына қойылған арт-нысан мектепке келгендердің назарын бірден аударады. Білім алушылармен қатар ата-аналар да таңданыстарын жасырмай, ұстаздардың еңбегіне жоғары баға беріп отыр.
АРЗУ АМАНГЕЛДІ, ОҚУШЫ:
Басында бұл мұнараның каркасын салып жатқанда біз ойлағанбыз, бұл не? Не жасайын деп жатыр? Және де бастапқы идеясы қызық болған. Оқушылар оған қарап, біздің мектебімізде осындай нәрсе пайда болып жатыр күшті деген эффектпен қараған болатын.
Осылайша елордалық мұғалімдер мыңдаған ескі кітапқа жаңа дем беріп, білім ордасына сән берді. Олар осындай тың бастамалар арқылы шәкірттеріне шабыт сыйлап, оқуға құштарлықтарын арттырмақ.