Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 10 просмотров

Күрделі қан тамыры аурулары енді елімізде емделеді

Елімізде тұңғыш рет балалардағы күрделі қан тамыры ауруларын емдеудің озық тәсілі енгізілді. Бұған дейін тамыр мальформациясына шалдыққан бүлдіршіндер тек шетелден шипа іздейтін. Мұндай дерті бар ұл-қыздың тұла бойы үнемі ауырып, қан кету қаупі туындап, кесел толыққанды дамуына кедергі келтіреді. Деректерге жүгінсек, елімізде жыл сайын туа бітті тамыр ақауымен 40-тан астам сәби дүниеге келеді екен. Енді оларға отандық дәрігерлер де кәсіби көмек көрсете алады.

Семей тұрғыны Жанар Серікбаеваның ұлына дәрігерлер «тамыр мальформациясы» деген диагноз қойған. Бұл — қан тамырларының туа біткен ақауы, яғни тамырлар дұрыс жетілмей, түйінделіп қалады. Бастапқыда баланың дертіне нақты шипа таба алмай, ата-анасының бармаған жер, баспаған тау қалмапты. Ақыры ресейлік мамандарға жүгініп, соңғы бес жылда Мәскеуге 11 рет қатынап ем қабылдаған. Әр барған сайын еміне бір жарым-екі миллион теңгедей қаражат жұмсапты. Алайда соңғы сапарында ондағы ақ халаттылар бұдан әрі көмектесе алмайтындарын ашық айтқан. Сондықтан неміс профессорлары Алматыға арнайы келіп, ұлына ота жасайтынын естігенде, ананың қуанышында шек болмапты.

ЖАНАР СЕРІКБАЕВА, СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл балаға тамақ ішу қиын болды. Мен үш жасына дейін Нұрсұлтанға блендер арқылы тамақ беріп отырдым. Содан кейін ұйықтауына кедергі болды. Қорылдайтын және де денсаулығына өте қатты әсер беретін. Ерні төмен тұрып, тілі шығып тұратындықтан, сілекейі ағып жүретін.

Жыл сайын елімізде тамыр мальформациясы диагнозымен 40-қа жуық сәби дүниеге келеді екен. Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі осы дертке шалдыққан 90 баланың шетелде емделуіне 1 миллион еуро бөлген. Енді шипаның бұл озық тәсілі Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына енгізіліп отыр. Осы ретте Германиядан арнайы шақыртылған білікті хирург 8 бүлдіршінге ота жасады.

АБАЙ ҚҰСАЙЫНОВ, «ПЕДИАТРИЯ ЖӘНЕ БАЛАЛАР ХИРУРГИЯСЫ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ» БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Біз қазір бір жылдың ішінде 50 шақты балаға 85 пен 100 операцияның шамасында жасайтын мүмкіндігіміз бар деп айтып отырмыз. Өйткені бір балаға кейде екі рет немесе үш этапта жасауға тура келетін де түрлері болады. Күрделі көлемі үлкен түрлеріне байланысты.

Емнің бұл бірегей тәсілі Орталық Азия елдерінде тек Қазақстанда қолға алынып отыр. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі келер жылдан бастап көршілес елдердің де науқастарын қабылдауды көздеп отыр. Қазір осы бағытта заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілуде.

МАЙРА БЕЙСЕН, ҚР ДСМ АНА МЕН БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тиісті нормалар енгізіп жатыр. Осы бекітілгеннен кейін де тіпті біз ойлап отырмыз орталықтың да ары қарай осы медициналық туризмнің шеңберінде ары қарай осы технологияны дамытып, өзге шетелдік пациенттерді біздің елімізге тарта отырып, медициналық көмек көрсетуге үлкен мүмкіндіктері бар.

Осы уақытқа дейін қаржы тапшылығына байланысты шетелде емделуге жылына небәрі 20 бала ғана бара алатын. Ал келер жылдан бастап туа біткен қан тамыры ақауы бар бүлдіршіндер Алматыда ем қабылдай алады. Бұл күрделі тәсілді меңгеру үшін отандық 4 дәрігер Еуропада арнайы тағылымдамадан өтіп, тәжірибе жинап қайтқан.

← Все новости